- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Науқас әжесіне көмектесемін...
Науқас әжесіне көмектесемін деген 18 жастағы жасөспірім қылмыскер атанды
Науқас әжесіне қаржылай көмектесемін деген 18 жастағы жасөспірім қылмыскер атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.
Есірткі саудасымен айналысқан 18 жастағы жасөспірім қазір өмірін темір тордың арғы жағында өткізіп жатыр. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, елімізде нашақорлықпен айналысатын мектеп жасындағы балалар саны азаймай тұр. Бір ғана Алматыда жыл басынан бері 246 қылмыстық іс тіркелген.
18 жастағы бозбаланың бар ойы мүмкіндігі шектеулі әжесіне қаржылай көмек көрсетуі болған. Достарының кеңесімен интернет желісі арқылы сауда жасауға бекінген. Онысы жай сауда емес, есірткіні заңсыз тарату. Бұл әрекеті үшін ол қылмыстық жауапкершілік арқалады. Енді ол өмірінің 7 жарым жылын темір тордың ар жағында өткізуге мәжбүр.
"Басында есірткіні аз-аздан тығып жүрдік. Содан кейін көп мөлшерде тығып, ақша ала бастадық. Басында өте қорқынышты болды, сосын ақша тапқан соң қызығып, қорқудан да қалдық. Мен 3 аптада 104 мың теңге таптым", - деді жасөспірім.
Алматыдағы түзеу мекемесінде қазір 36 бала жазасын өтеп жатыр. Бәрі де кәмелет жасына толмағандар. Мұнда олардың мектеп бағдарламысын оқуына, бос уақытында өздеріне ұнайтын іспен айналысуына шектеу жоқ. Түрлі спорттық турнир ұйымдастырылады. Қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.
"Жазасын өтеушілер 21 жасқа дейін осы мекемеде қалады, кейін жасы жеткеннен кейін үлкен мекемелерге ауыстырылады", - деді Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №11 мекеме бастығының орынбасары Гүлшат Нұржанова.
Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, елімізде есірткі саудасымен айналысатын мектеп жасындағы балалар саны азаймай тұр. Мамандар мұндай әрекетке аз қамтылған отбасынан шыққандар мен қаржылық жағдайдан қиындық көргендердің баратынын растап отыр. Бір ғана Алматының өзінде жыл басынан бері осындай 246 қылмыстық іс тіркеліпті.
"238 есірткі саудасы тоқтатылып, 7 есірткі зертханалары жойылды. Нәтижесінде 2023 жылғы 20 наурызда есірткі заттардың рекорд партиясы 15 тонна прекурсорлар мен 200 келі көлемінде дайын өнімдер тәркіленді", - деді Қалалық прокуратураның ресми өкілі Нұрсұлтан Жеделбай.
Елімізде 70-тен аса бала нашақорлыққа тәуелділікпен есепте тұр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері хабарлады. Синтетикалық есірткіні қолдануға бейім адамдардың жас шамасы 20 мен 34 аралығында. Мамандар мұндай жағдайдың алдын-алу үшін қажет шараларды жасап-ақ жатыр. Десе де, статистика көңіл көншітпейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек