Құрылтай депутаты Махамбет Хасенов үш жылдық жоғары білім беру моделін дамыту қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, отандық бизнес жиі көтеретін мәселелердің бірі - білікті кадр тапшылығы.
"Салаға жауапты министрлік мәліметінше, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы - жұмысшы мамандықтар. Бұл мәселе кәсіпорындардың күнделікті жұмысынан инвестициялық жобалар іске асуына дейін тікелей әсер етеді. Тіпті 2025 жылғы Enbek.kz порталында 1,3 миллион бос жұмыс орны және 1,4 миллион түйіндеме жарияланған. Бос жұмыс орындарының 75 пайызы білікті мамандарға қатысты", - деді депутат.
Махамбет Хасеновтің пікірінше, инвестиция тартуға, зауыт салуға, жабдық сатып алуға болады, бірақ оны іске қосатын маман болмаса, инвестиция толыққанды экономикаға айналмайды.
"Осы орайда үш жыл ішінде білікті маман даярлау тетігін одан әрі дамытуды ұсынамыз. Қазақстанда үш жылдық бакалавриаттың нақты тәжірибесі бар. Мысалы: Almaty Management University, Astana IT University студенттері үш жыл ішінде 240 академиялық кредитті игеріп жатыр. Бұл - тәжірибе 3 жылдық формат жұмыс істейтінінің нақты дәлелі. Үш жылдық формат бағдарламаны жай ғана қысқарту емес, мәселе - сол білім мен құзыретті тиімді оқу траекториясы арқылы меңгеру", - деді ол.
Депутаттың сөзінше, бұл, әсіресе, IT, цифрлық технологиялар, маркетинг, сервис, туризм сияқты еңбек нарығы жылдам өзгеретін салалар үшін өте маңызды.
"Нарық пен технология төрт жыл күтпейді. Білім беру жүйесі де экономикадағы өзгерістерден қалып қоймауы керек. Әрине, барлық мамандықты үш жылдық форматқа көшіру мүмкін емес. Әр саланы жеке зерттеу қажет. Негізгі өлшемдер - жұмыс берушілердің сұранысы, кәсіби стандарттар, академиялық кредит саны, қажет құзырет, оқуын бітірген түлек мамандығына сай жұмыс істеуі. Үш жылдық формат маманның еңбек нарығына бір жыл ерте шығуына, тәжірибе жинауына, табыс табуына, салық төлеуіне және кәсіпорын жұмысына қосылуы деген сөз", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова