Нанның бағасы 50 теңге болу керек - Алмасбек Садырбай

Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы, "Шаңырақ" ұлттық агро-қозғалысы" РҚБ төрағасы Алмасбек Садырбай Adal ADAM Youtube-арнасына берген сұхбатында ұн мен нан неге қымбаттағанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, еліміздегі диірменнің саны азайтылған.

"Ауыл шаруашылығына Асылжан Мамытбеков министр болғаннан кейін Қазақстанда ұн өндірісі құлдырай бастады. Неге? Себебі Ақылбек Күрішбаев, Ахметжан Есімовтен кейін келген министрлер диірмендердің санын азайтты. Елімізде 1800 диірмен болды, бүгінде Қазақстанда қалғаны, нақты жұмыс істеп тұрғаны - 40 диірмен. 40 диірменнің қожайындары "ұнның бағасын түсірмейміз" деп бір-бірімен ауыз жаласып, ымыраға келіп отыр. Менде қарапайым сұрақ, айтыңыздаршы, бидайдың бағасы бүгінде 50 теңге болғанда, ұнның бағасы қанша болуы керек? Ұнның бағасы 100 теңге болуы керек. Ал нанның салмағы 600 грамм болса, нанның бағасы шамамен 65 теңге болуы керек. Оған қоса, үкімет наубайханаларды нан пісіргені үшін субсидиялап жатыр. Осыны ескерсек, бүгінде нанның бағасы 50 теңге болу керек. Қарапайым арифметика. Ал қазір 100 теңгеден кем нан таппайсыз. Неге ұн арзан емес? Өйткені 40 ғана диірмен қалды, солар келісімді қымбат күйінде ұстап отыр. Демек, 40 диірмен кішкентай диірмен емес, олар алпауыт диірмендер, олар агро олигархтарының диірмендері. Бұлар кішкентай диірмендерді тұншықтырып, жауып тастаған. Осы олигархтың барлығы қазіргі ауыл шаруашылығы министрінің төңірегіне жиналған", - деді Алмасбек Садырбай.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!