Бұрын нанды тышқандардан қорғау үшін оны қалың ағаштан жасалған нан салғыштарға тығып қоятын. Қазір басты міндет - нанды бұзылмайтындай және дәмі өзгеріп кетпейтіндей етіп сақтау. Нанды тоңазытқышқа немесе мұздатқышқа сақтауға бола ма? Оны мұздатылған күйінде қанша уақыт сақтауға болады? Бұл сұрақтарға гастроэнтеролог Екатерина Кашух "Известия"-ға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, нан - тоқтық сезімінің оңай келуіне көмектесетін "жылдам" көмірсулар көзі ғана емес, сондай-ақ ол түрлі минералдар мен дәрумендерге бай. Олар жүйке жүйесінің жұмысына қатысады, анемияның алдын алады және барлық нәрсеге қажетті, соның ішіне тамақты қорытуға керек энергия береді. Денсаулыққа ең пайдалысы - тұтас дәнді ұннан дайындалған нан.
Алайда дүкеннен сатып алынған нан жылдам бұзылады: жиі екінші күннің өзінде оны зең басып кетеді немесе ортасы жабысқақ және дәмсіз болып кетеді. Бұл ұнның картоп таяқшасымен зақымдалғанын көрсетеді. Ол адам үшін қауіпті емес, бірақ ол нанды жеуге жарамсыз етеді.
"Нанды тоңазытқышқа салуға келгенде дәрігерлер мен аспаздар пікірі екіге бөлінеді. Суық бактериялардың көбею процесін баяулатады, сондықтан нанды көгеруден қорғағыңыз келсе, ол бөлме температурасына қарағанда тоңазытқышта ұзағырақ сақталады. Алайда төмен температурада ол ылғал бөледі, егер сіңетін жер таба алмаса, нан бәрібір көгере бастайды. Сондықтан егер нанды тоңазытқышқа сақтайтын болсаңыз, оны мата дәкеге немесе қағазға орау керек. Алайда бұл әдістің де кемшілігі бар: нан ылғалдан айырылғасын жылдам кеуіп, ол бастапқыдай дәмді болмайды. Оған қоса, ол тоңазытқыштағы басқа иістерді тез сіңіріп алады. Иістен қорғау үшін оны целлофан пакетке салу керек, алайда бұл кезде көгеру проблемасы қайта оралады", - дейді Екатерина Кашух.
Ең дұрысы - кішкентай нан сатып алу және оны мата дәкеге орап, аузы жабылатын нан салғышта сақтау. Сол кезде ол кеуіп немесе көгеріп кеткенше жеп қоясыз. Бірақ нанды көп алып қойған болсаңыз, оны мұздатқышқа сақтаған жөн.
"Аяз суыққа қарағанда басқаша, ол бактериялардың көбею процесін баяулатып қана қоймай, оны тоқтатады. Нанға мұздатқыштағы басқа иістер сіңіп қалмас үшін оны қағазға, жұқалтырға, бірнеше полиэтилен пакетке немесе арнайы контейнерлерге салыңыз. Мұздатқышта наннан ылғал тоңазытқыштағы секілді қатты бөлінбейді және ол жылдам мұзға айналады. Осылайша, нан мұздатқышта бұзылмастан және дәмдік сапасын жоғалтпастан 5 айға дейін сақталады. Оған қоса, оның дәрумендері де сақталады", - дейді маман.
Нанды қағазға немесе мата дәкеге орап, бөлме температурасында жібіту керек. Ол үш-төрт сағатта толықтай жібиді және жеуге дайын болады. Сондай-ақ нанды ұйықтарда мұздатқыштан шығарып, тоңазытқышқа салып қойсаңыз, таңертең ол жұмсарып тұрады.
"Бұл әдістің кемшілігі - нанның қабығы ылғалдау және қатты болуы мүмкін. Егер нанның қабығы қытырлақ болғанын қаласаңыз, оны 160 градусқа дейін қыздырылған пеште жібітуге болады. Одан қатты қыздырмаңыз: оның қабығы кеуіп, іші әлі мұз болып қалуы мүмкін", - дейді гастроэнтеролог.
Оқи отырыңыз: Тоңазытқышты бұзатын негізгі қателіктер