- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нан құрамында аса...
Нан құрамында аса қауіпті у бары рас па?
Әлеуметтік желі қолданушылары нан құрамында әлемнің көптеген елінде тыйым салынған аса қауіпті химиялық зат бар екені туралы жаңалық сюжетін бөлісіп жатыр. Олардың сөзінше, зиян затпен өңделген бидай дәндерінде у жиналады екен. Осылайша, ол ұнға және нанға түседі екен. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Бұл жаңалықтар сюжеті 2012 жылы РЕН ТВ телеарнасында шыққан. Уланған нан туралы ақпаратты бірқатар БАҚ жариялады. Ветеринария және фитосанитария қадағалау жөніндегі федералды қызмет (Россельхознадзор) қауіпті "бром метил" туралы қауесетті жоққа шығарған. Ведомство мәліметінше, біріншіден, бром метил улы емес және оған тыйым салынбаған. Екіншіден, оның дәнді дақылдарды өңдеу үшін қолданылатын мөлшері адамға зиянын тигізе алмайды.
Бром метил немесе метилбромид - астықты, жемді, ағашты фумигациялау үшін қолданылатын кейбір пестицидтердің белсенді ингредиенті. Бұл зат әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-та қолданылады. Оны пайдалануға тыйым салынбағанымен, шектеу қойылған. Оның себебі метилбромид озон қабатын бұзады. Озонды бұзатын заттарды қолдану Монреаль хаттамасы бойынша реттеледі. Қазақстан оған 1997 жылы қол қойды.
Хаттаманың өзі 1987 жылы қабылданды. Бұған дейін метилбромид шектеусіз қолданылып келді және наннан улану жағдайы тіркелген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова