Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшсе не өзгереді? Халыққа қалай әсер етеді? Massaget.kz тілшісі тақырыпқа шолу жасады.
Қазіргі уақыт қандай?
Қазіргі таңда Қазақстанда екі уақыт белдеуі, яғни UTC+5 және UTC+6 бар. Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары 4-сағаттық белдеуге (UTC+4+1). Астана, Алматы, Шымкент қалалары және қалған облыстар (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы) 5-сағаттық белдеуге (UTC+5+1) жатады.
Неліктен бірыңғай уақытқа көшуіміз керек?
2017 жылы америкалық ғалымдар Джеффри Холл, Майкл Розбаш және Майкл Янг циркадтық ырғақты басқаратын молекулалық механизмдерді ашқаны үшін медицина мен физиология саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. Олар өсімдіктер, жануарлар және адамдардың биологиялық ырғақтарын жердегі өзгерістермен қалай синхрондап бейімдеу керегін түсіндірді.
Нобель сыйлығының лауреаттары биологиялық ырғақты басқаратын генді анықтады. Ғалымдар біздің ішкі сағатымыздың шынайы өмірдегі сағатпен сәйкес келмейтінін дәлелдеді. Сағат мінез-құлық, гормондар деңгейі, ұйқы, дене температурасы және метаболизм сияқты маңызды функцияларды реттейді.
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл уақыт мәселесі Қостанай облысы үшін өте өзекті екенін айтады.
"Елімізде Шығыс Қазақстан облысы болмаса, қалғандарында уақытпен айырмашылықтары бар. Қостанайдың кейбір аудардарында 2 сағатқа жақын айырма бар. Сондықтан бұл мәселе менің сайлаушыларымның аманаты десе болады. Жалпы сағаттық белдеу көптеген салаға әсер етеді. Мен уақыттың Астанамен әртүрлі белдеуде болғанына қарсымын. Бұл - экономикалық және басқару жүйесіндегі мәселе. Бірақ осы мәселе бойынша медицинада зерттеу соңғы 10 жылда болып жатыр. 2017 жылы осы тақырыпты зерттеген бір топ ғалым Нобель сыйлығын алған соң (тәуліктік ритмдердің зерттеуі туралы - еск.) бүкіл әлем осыған баса назар аудара бастады. Бұл бізге де келіп жетті. Мұны ғылымның жаңа саласы деп айтуға болады. Оның ішінде АҚШ пен Еуропада зерттеулер жасалып жатыр. Бұрын біз бірыңғай белдеуде болдық, алайда кейін 30 жылда уақытпен ойнап, ақыры Гринвич уақытынан 6 сағат айырмада қалып отырмыз ", - дейді депутат.
Сондай-ақ, Қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев Қазақстанда неге уақытты 1 сағатқа шегеру керегін былай түсіндірді.
"Ел аумағында 4 сағаттық белдеуді қамтығанымен, ең шығыс шекарадан ең батыс шекараға дейін бойлық координаттары айырмасы 400451 болады, уақыт өлшемімен ол - 2 сағат 43 минут. Ең шеткі облыс орталығы Өскемен мен Атырау арасында күннің атуы бар-жоғы - 2 сағат 09 минут. 1956 жылы төрт сағаттық белдеуді екеуге біріктіруге де осы негіз болған шығар. Алайда бастан электр қуатын үнемдеу үшін деп енгізілген декреттік (үнемі "жазғы" уақыт - еск.) +1 сағатты әлі күнге неге қолданатынымыз түсініксіз. Ешбір елде "жазғы" уақыт қолданудан энергия үнемделетіні ғылыми түрде дәлелденбеген. Энергетика министрлігі де ешқандай энергия үнемі жоғын ресми түрде растап отыр. Сондықтан ел аумағында уақыт өлшемін түбегейлі реттеу қажет", - дейді Болат Нұрқожаев.
Денсаулық сақтау министрлігі уақыт белдеуін табиғи уақытқа сәйкес келтіру қазақстандықтардың денсаулығына жағымды әсер етеді деп санайды.
"Ел халқының басым бөлігі өзінің географиялық уақыт белдеуінде тұрмайды. Сарапшылар тобы, профессор-физиологтар бұл мәселені жыл бойы зерттеді. Дененің физиологиясы мен қызметі, гормоналды тепе-теңдік тұрғысынан біз UTC+5 уақыт белдеуіне ауыса отырып, денеміздің биологиялық сағатына сәйкес оянып, ұйықтаймыз деген пікірді ұстанамыз", - деді ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры Дәулет Алдынғұров.
Астаналықтар нешеде тұрады?
"Мәселен, Астанада мектеп оқушылары таңғы сағат 8:00-де сабақ оқуды бастайды. Бұл уақытта, әрине, қараңғы болып тұрады. Сағат тілі сырғып таңғы 9:00-ге келгенде ғана күн ұясынан көтеріледі. Енді біз келесі жылдан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшіп, батыс облыстардағыдай сағат тілін 60 минутқа кері шегерсек, балаларымыз таңертең сабаққа қараңғыда емес, таң атып, күн шыға бастағанда барады әрі ұйқысы да қанады. Өйткені табиғи уақыт өлшеміне сай оянады", - дейді депутат Еркін Әбіл.
Экономика, денсаулық, логистика: Қазақстандағы қазіргі уақыттың кері тұстары қандай?
Бүгінгі таңда батыс пен шығыс облыстар арасындағы 1 сағат уақыт айырмасы кейбір мәселелерді тудырып отыр. Мәселен, халық пойыз, ұшақ кестесінен шатасып, Астанадан қойылған жиналыс уақыты батыс облыстардағы жұмыс кестесіне сәйкес келмей жатады... Егер Астана уақытымен сағат 9:00-ге жиналыс қойылса, ол кез - батыста жұмыс басталмаған уақыт. Ал түстен кейін сағат 15:00-ге қойылса, жиналыс уақыты батыс облыстарда сағат 14:00-ге сәйкес келеді, яғни түскі ас уақыты.
"Соңғы жылдары әлемде биологиялық (циркадтық - еск.) ритмдер бұзылуы, ұйқы/сергектік режимі бұзылуы аса қауіпті рак, диабет, семіздік, жүрек-қан тамырлары жүйесі және де тағы басқа арулардың өршуіне әсер етті. Осыған байланысты хронобиология ғылымында, медицина саласында "әлеуметтік сағаттық белдеулер ауысуы синдромы" (social jetlag – SJL, әлеуметтік десинхроноз - еск.) деген термин пайда болды ", - дейді уақыт маманы Нұрқожаев.
Уақыттың мәселесін қазақстандық ғалымдар қалай шешпек?
"Қазақстан Республикасы географиялық орналасуы бойынша толық UTC+3,5/+4,5/+5,5 аумағында орналасқан деуге, ортаңғы сағаттық белдеуі UTC+4,5 сағаттық белдеу деуге толық негіз бар. Біз уақытты алға қарай жылжытайын деп жатқан жоқпыз. Бұрынғы уақытты түзейін деп жатырмыз. Біз қайтарайын деп отырған UTC+5 уақыты Астана, Алматы, Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстанның уақыты деп айтуға болады. Бүкіл дәлелел жиналды. 43 беттен тұратын есеп жобасы жасалды", - деді Болат Жолтайұлы.
Әлем елдерінің тәжірибесі. Олар қалай уақытты бір ізге түсірген
Әлем елдері уақыт өлшемінің бірнеше түрін қолданады. Мысалы, Жапония мен Корея стандарттық уақыттан сағат тілін қозғамайтын, жазғы уақытта тек жұмыс пен оқу уақытын 1 сағат ерте бастап реттейтін елдер қатарында. Экваторға жақын мемлекеттерде қысы-жазы күн мен түн тең болғандықтан сағатын мүлдем қозағамайды.
Қытай 100 жылдан бері өзі орналасқан UTC+6/+7/+8/+9 аумағында бірегей Бейжің уақытын (UTC+8) қолданады. Бұдан Қытайдың батысындағы Шыңжаң мен Тибет өз уақытынан 2 сағат озық өмір сүріп жатқан сияқты көрінгенмен, олардың бар тіршілігі ресми емес жергілікті уақытпен жүреді. Мысалы, Бейжіңде жұмысқа сағат 8:00-ге барса, Шыңжаңда жұмыс Бейжің уақытымен 10:00-де, ол жергілікті күн уақытымен 8:00-де. Демек Қытайдың барлық аумағы өзінің белдеулік уақытымен өмір сүріп жатыр деуге болады. Ресей ғалымдары да бірыңғай уақыт қолдану тиімді дегенімен, Ресейдің 12 сағаттық белдеуінде оны қолдану мүмкін емес.
Әлемде 19 мемлекет Гринвич уақытынан айырмашылығы +1 сағат емес, жарты сағаттық(+0,5) уақыт өлшемін ешқандай қиындықсыз қолданып келеді. Мысалы, Қазақстанның батыс облыстарымен бірдей меридиан бойымен төмен орналасқан Иран +3,5, орталық облыстардан төмендегі Ауғанстан +4,5, ШҚО төмендегі Индия +5,5 уақыт өлшемін қолданады.
Непал тіпті 5,45 уақыт өлшемін қолданады. Аустралияның бір бөлігі +10, ортасы +8,5, екінші бөлігі +9 сағаттық белдеу уақытын қолданады.
"АҚШ, Еуропа елдері қыста белдеулік уақыт, жазда алға жылжытылған жазғы уақыт қолданады, күзде қайтадан белдеулік уақытқа, яғни қысқы уақытқа оралады. Бірақ АҚШ штаттарының заң шығарушы органдарында жазғы уақыттан бас тартып, тек стандарттық уақыт қолдануға IANT Альянсы ұсынысы негізінде талқылаудан өтіп жатыр. Осы мақала жазылып жатқанда Вайоминг штаты стандарттық уақыт туралы заңды ұсынды", - деп мәлімдеді Қолданбалы хронобиология маманы.
Жасұлан Ордабаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!