Нақты ахуалды боямасыз көрсеттік, бос уәде де берген жоқпыз - Тоқаев

Нақты ахуалды боямасыз көрсеттік, бос уәде де берген жоқпыз - Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда әдемі сөйлеп, уәдені үйіп-төккендер емес, мақсат жолында үздіксіз алға ұмтылып, жұртқа жаға бермесе де, аса маңызды шешім қабылдай білетіндер табысқа жететінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Әрдайым әділ диалог орнатуға ұмтылдық, қиындықтар пен қауіп-қатерлерді жасырмай, турасын айттық. Нақты ахуалды боямасыз көрсеттік, бос уәде де берген жоқпыз. Ащы шындық бәріне бірдей ұнай бермейді. Бірақ мұндай қадам жағдайға тура қарап, жалған үмітке алданбау үшін керек. Әдемі сөйлеп, уәдені үйіп-төккендер емес, мақсат жолында үздіксіз алға ұмтылып, жұртқа жаға бермесе де, аса маңызды шешім қабылдай білетіндер табысқа жетеді. "Еңбек жолы мұратқа жеткізеді". Бұл – біз атқарып жатқан жұмыстың басты қағидасы", - деді Президент.

Мемлекет басшысы ешқашан популизмге, менмендікке және жалған ұранға жол берілмегенін мәлімдеді.

"Бұл деректер бәріміз бір ел болып атқарған жұмыстың бір парасын ғана көрсетеді. Біз барлық сын-қатерді сенімді түрде еңсеруді және мәселенің бәрін байыппен, іскерлікпен шешуді үйрендік. Ешқашан популизмге, менмендікке және жалған ұранға жол берген жоқпыз", - деді Тоқаев.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың IV отырысы биыл Бурабайда өтіп жатыр. Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың үш отырысы өтті:

  • І Ұлттық құрылтай 2022 жылы Ұлытау облысында өтті.
  • ІІ Ұлттық құрылтай 2023 жылы Түркістан қаласында өтті.
  • ІІІ Ұлттық құрылтай 2024 жылы Атырауда өтті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова