Көкшетаудан таяқтастам қашықтықта орналасқан Гранитный селосында кәріз жүйесі жұмыс істемейді. Кеңес заманында салынған кәріздің 90 пайыздан астамы шіріп кеткен. Мұнымен қоса қоқыстың мүлде төгілмеуі ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. Қолқаны қабатын сасық иістен қажыған тұрғындар ащы жанайқайын Мемлекет басшысына дейінгі барлық құзырлы орындарға жазғанымен еш нәтиже болмапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көкшетаудан небары 15 шақырым жерде ғана орналасқан Гранитное селосында 500-ден астам адам түтін түтетеді. Ауыл көпшілікке ЕЦ-166/25 түзету мекемесімен таныс. Гранит тасы өндірілетін ауылдың тұрмысы кезінде гүлденіп те тұрған. Бірақ қазіргі күнгі халі аса алаңдатарлық жағдайда. Кәріз жүйесінің әбден тозығы жеткен. Салдарынан үнемі бітеліп қалып, тұрғындар өз есебінен тазартқыш көліктерді шақыртуға мәжбүр болады. Ауылдың ішіндегі қирандыға айналған ескі клуб ғимаратының маңынан үнемі нәжіс ағып жатады. Оның жанында балалар ойын алаңы орналасыпты. Қоқыс контейнерлері үнемі төгілмегендіктен ауыл іші тұтастай үйінділерге толған. Сасық иіс қолқаны қабады.
"Міне биыл төртінші жыл болды. Жылда жергілікті биліктегілер жобалық сметалық құжаттаманың жасалып жатқанын айтады. Бірақ осынша уақытта бітпейтін ол не қылған құжат? Қоқыс мүлде төгілмейді. Жақында әрбір үй бірігіп 1 мың теңгеден қаржы жинап жүк тиегіш трактор мен көлік шақыртып өзіміз төктік. Бірақ қоқыс тағы толып барады. Жолымыз ойраны шығып шұрық тесік күйге түскен. Такси көліктері жүруден қашады. Кәріз жүйесін айта-жаза жалықтық. Бітелген кәрізден үнемі нәжіс төгіледі. Иісі жүрек айнытады. Өз басым Президентке дейін хат жазып, облыс әкімдігіне бірнеше мәрте бардым, шағым хаттар да жаздым. Бірақ еш нәтиже жоқ", - дейді Гранитный селосының тұрғыны Наталья Тоголько.
Аталған мәселеге байланысты селолық округ әкімдігі түсініктеме берді. Жергілікті билік басындағылардың айтуынша кәріз жүйесіне жобалық-сметалық құжаттама әлі күнге "жасалып" жатыр.
"Кәріз жүйесі қазіргі таңда күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатқандықтан құрылыс бөлімінің теңгерімінде тұр. Сметалық құжаттама дайын. Қазір сараптаманы күтіп отырмыз. Одан кейін құрылыс бөлімі облысқа бюджеттік өтінім беретін болады. Қоқысқа келсек қараша айына дейін ауылды "Тазалық" ЖШС-і қызмет көрсеткен. Одан кейін қоқыс тасумен жеке кәсіпер "Ади Рашитович" айналысты. Бірақ ол меншік иелерімен келісімшарт жасамай осы жылдың ақпанынан қоқыс тасымай қойды. Сәуір айында әкімдік тұрғындармен бірге 11 мәрте қоқыс төкті. Округ әкімдігі қоқыс тасуға мердігер іздестіріп жатыр. Қазіргі уақытта "Взрывпром" ЖШС-мен қоқыс қоршап жабатын бағатандар мен торлар сатып алуға демеушілік көмек келісімі бар. 1 маусымнан бастап ауылға кесте бойынша басқа ауылдардан қоғамдық жұмысшылар келеді", - дейді Қонысбай ауылдық округы әкімдігінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!