Мысырда қаза тапқан Қазақстан азаматы Ақмарал Мұқанованың өліміне қатысты сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлібек Қуантыров Мәжіліс дәлізінде бүгін марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілуі қажет екенін айтты.
"Мәйітті жөнелту бүгінге жоспарланып отыр. Менің білуімше, Мысыр тарапынан қаржыландырылады. Моральдық өтемақы бойынша да мәселе шешілген. Сонымен қатар, бұл сапарға сақтандыру ұсынған қазақстандық сақтандыру компаниясы да іске қосылды. Жеңіл жарақат алған екі азаматша да елге оралды", – деді Қуантыров.
Журналистер Ақмарал Мұқанованың қазасы бойынша қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанын сұрады. Министрдің орынбасары бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты.
"Мысырдың азаматтық авиация министрлігі құрған комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазір тиісті тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бойынша нақты айта алмаймын. Алдымен тергеу рәсімі жүреді. Менің ойымша, тереңірек тергеу жүргізілсе, қазақстандық тарап та қатысады. Дегенмен бұл мәселе біздің бақылауымызда", – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Мысырдың Шарм-эль-Шейх әуежайында жолаушылардың үстіне жарнама тақтасы құлағаны хабарланды. Қайғылы оқиға салдарынан Қазақстан азаматы қаза тапты, тағы екі адам жеңіл жарақат алды.
Әуекомпания мәліметінше, барлығы төрт адам зардап шеккен.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова