Хургадада 23 жастағы Ресей азаматы Владимир Поповты жеп қойған акуланы жергілікті билік аулаған. Бұл туралы Tengritravel жазды. Бұған дейін Египетте ер адамды сүйіктісінің көзінше акула жеп қойғанын жазған едік.
Бейсенбі, маусымның 8-і күні Мысырдың Қызыл теңіздегі Хургада курорттық қаласы жағалауында жолбарыс акуланың шабуылынан ер адам қайтыс болды. Қайғылы оқиғаның видеосы сол күні желіде тарап кетті.
Бейнежазбада акуланың шабуылынан құтылуға тырысқан ер адамның суда жанталасып жүргенін көруге болады. Көмек сұрап айғайлағанымен, жыртқыш балық оны әкесінің көзінше су астына сүйреп әкеткен.
Шабуылдан кейін бірден оқиға орнына жеткен сүңгуірдің айтуынша, жақын маңдағы қонақүйдің құтқарушысы дабыл қаққаннан кейін адамдар зардап шегушіге көмектесуге асығып, бірақ дер кезінде жете алмаған.
Оқиғаға байланысты Мысыр билігі жергілікті жағажайларды жауып тастады. Жексенбіге дейін суда жүзуге және басқа да су спортына толық тыйым салынды. Жергілікті биліктің пікірінше, суда қалған қан жаңа жыртқыштарды тартады және жаңа құрбандарға әкелуі мүмкін.
Оқиғадан кейін бірден жергілікті құтқарушылар жас жігітті өлтірген жолбарыс акуласын ұстау операциясын бастады. Кейінірек акула ұсталды, ал желіде ұсталды деген видео пайда болды.
Жергілікті тұрғындар туристермен бірге қолға түскен адам жейтін акуланың фонында суретке түсе бастады.
Мысырдың Қоршаған ортаны қорғау министрлігі акуланың эвтанизацияланғанын және зертханада екенін айтты. Ғалымдар үлгіні зерттеп, шабуылдың себептерін анықтауға тырысады.
Кейбір интернет қолданушылары билікке сенбей, жергілікті билік басқа акуланы ұстағанын айтады.