Мысыр әуежайында қаза тапқан: марқұмның туыстары қазақстандықтардан көмек сұрайды

Мысыр әуежайында қаза тапқан: марқұмның туыстары қазақстандықтардан көмек сұрайды
Фото: Марқұмның құрбысы ұсынды

Египетте қайтыс болған Ақмарал Мұқанованың жақындары оның денесін Қазақстанға жеткізуге көмек сұрайды. Ол Шарм-эш-Шейх әуежайында үстіне жарнама тақтасы құлап қаза тапқан болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақмарал Мұқанова 17 мамырда Мысырдағы демалыстан жалғыз ұлымен оралмақ болған сәтінде көз жұмды. Ұшуға дайындалып отырған кезде оған жарнамалық тақта құлап, оқиға орнында қайтыс болған. Бұл қаралы хабар оны танитын барлық адамдарды есеңгіретіп кетті. Біз марқұмның жақын құрбысы Венера Искаковамен сөйлестік. Ол үшін бұл оқиға үлкен қайғы болды.

"Біз екеуміз де Ақтөбе облысы Байғанин ауданынанбыз. 1980 жылы Алматыға бірге көштік. Ақмарал Талдықорғанда заң техникумында оқыды. Кейін Ақтөбеге оралып, Сазды полиция бөлімінде, сосын ІІД-де жұмыс істеді. Сол жерден подполковник шенінде зейнетке шықты. Үш жыл бұрын ұлымен бірге Астанаға қоныс аударған еді", – дейді Венера Искакова.

Оның айтуынша, Ақмарал ұлымен жиі саяхаттап жүрген. Бұл жолғы демалыс сапары олардың соңғысы болды.

"Ол үнемі күліп жүретін. Пациенттерімнің өзі "нұр шашқан адам еді" деп жазып жатыр. Ақмарал полицияда, кадр бөлімінде жұмыс істеді. Әділетті, ашық, мұқият жан болатын. Биыл шілдеде 62 жасқа толар еді. Оның қаза тапқанына сенгім келмейді... Ол – нағыз дос еді. Айлап көріспесек те, кездескенде бәрі бұрынғыша – жылылық, қамқорлық, күлкі. Оның оптимизмі жұқпалы болатын. Ақмарал ешқашан шағым айтпайтын, әрқашан қолдау білдіретін. Бұл қаза – жүректі жаралады", – дейді Венера.

Ол Ақмаралдың денесін елге жеткізуге көмектесуді сұрап отыр. Венераның айтуынша, ұлы Берік қазір жалғыз Мысырда қалған.

"Ақмаралдың денесін елге жеткізуге көмектесіңіздер. Оның ұлы Берік қазір Египетте жалғыз. Жасы небәрі 22-де. Қандай күйде екенін ешкім білмейді. Тек маған "мен анамнан айырылдым" деп жазды. Жергілікті билік мәйітті 4–5 күннен кейін ғана береді дейді. Оқиғаны Мысыр полициясы тергеп жатыр. Біз Берікті орналастырды ма, жағдайы қалай екенін білмейміз", – дейді құрбысы алаңдап.

Ақмарал Мұқанова Ақтөбе облысының құқық қорғау органдарында 20 жылдан астам қызмет атқарған. Зейнетке шыққаннан кейін де әріптестері оны кәсіби әрі адамгершілігі мол тұлға ретінде еске алады.

"Ақмарал Өтегенқызы – мейірімді, ашық, көмектесуге әрдайым дайын адам еді. Сонымен бірге өте талапшыл, жауапты және кәсіби маман болатын. Полицияға жұмысқа орналасқан барлық қызметкерлердің құжаттарын ол рәсімдейтін. Зейнетке шығу, еңбек өтілі секілді барлық маңызды процестерге жауап беретін. Өз ісіне ұқыпты, әріптестеріне мұқият, барынша көмектесуге тырысатын", – деп атап өтті Ақтөбе облысы полиция департаменті.

Шарм-эш-Шейх әуежайындағы қайғылы оқиға: зардап шеккендердің жағдайы

Еске сала кетсек, Қазақстан азаматы Шарм-эш-Шейх әуежайында жарнама қалқанының құлауынан қаза тапты, тағы екі әйел жарақат алды. Куәгерлердің айтуынша, соққы өте күшті болғандықтан, зардап шеккендерді шок жағдайында алып кеткен.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 17 мамыр күні бұл қайғылы оқиғаның болғанын растады.

"Оқиға салдарынан бір Қазақстан азаматы қаза тауып, тағы екі отандасымыз жеңіл жарақат алған", – деп хабарлады СІМ.

Ведомствоның мәліметінше, марқұмның туыстарымен байланыс орнатылған, консул барлық мәселелер бойынша көмек көрсетіп жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget