Мысықтың тұсауын кесіп, таңдау жасатқан қыздар сынға қалды

Мысықтың тұсауын кесіп, таңдау жасатқан қыздар сынға қалды
Фото: видеодан скриншот

Танымал журналист желіде мысықтың тұсаукесер рәсімін өткізген қыздардың видеосын жариялап, бұл әрекетін сынады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналист желіде жариялаған видеода қазақтың екі қызы тұсаукесерде айтылатын әнді қосып қойып, мысықты ақ жолмен жетелеп, тұсауын кеседі. Содан кейін дәстүр бойынша мысықтың алдына түрлі заттар қойып, таңдау жасатады. 

Осындай мазмұндағы видеоны жүктеген журналист бұл қыздар қазақтың ата салтын дәріптеп, насихаттаудың орнына қорлап жатқанын жазған. 

"Соңғы кезде елімізде ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді қорлаудың түр-түрі көбейіп кетті. Әлеуметтік желілерде ұлттың намысына тиетін небір қитұрқы, арсыз дүниелер қаптап жүр. Әзіл-қалжың дегеннің жөн-жосығы, шегі бар емес пе? Хайп қуғандар тым артық кетіп барады", – деп жазды ол. 

Журналист Тельман Бейсен мұндай әрекеттер көбейіп кетпеу керектігін айтып, заңды қатаңдатуды ұсынған. 

"Мұны тоқтатпасақ болмайды. Ең құрығанда, басты деген ұлттық құндылықтарымыздың атын атап, түсін түстейтін заң қабылдап, қатаң назарда ұстамасақ, мұның арты жақсылыққа апармасы анық", – дейді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева