- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- мысықтан қорқу
Мысықтан қорқу немесе айлурофобия ауру түріне жата ма?
Ғалымдар мысықтан қорқатын жандарды "айлурофобтар" деп атайды. Мысықтан қорқу ауру түрі болып есептеле ме? Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді.
Айлурофобия (грек. αἴλουρος - мысық; грек. φόβος - қорқыныш, қорқыныш), яғни "мысықтан қорқу" деген мағынаны білдіреді.
Неден пайда болады?
Ежелгі Мысырда мысықтар қасиетті жануар саналғанына қарамастан, Еуропада Орта ғасырларда мысықтар, әсіресе қара түсті мысықтар сиқыршылықпен байланыстырылды. Мысықтар қараңғы тылсым күштердің белгісі ретінде қабылданып, олардың айналасында үрей туғызды. Осы наным-сенімдер кейінгі ғасырларда да сақталып, мифтер арқылы жалғасып, мысықтан қорқу сезімін күшейте түсті.
сурет: Depositphotos
Заманауи психология тұрғысынан айлурофобия әртүрлі себептерден туындауы мүмкін. Көп жағдайда ол балалық шақтағы травмалық тәжірибелермен байланыстырылады: мысалы, мысық тырнап алған немесе шабуыл жасаған оқиғалар бұл фобияның қалыптасуына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар кей адамдарда бұл фобия ешқандай себепсіз, ішкі алаңдаушылық пен мазасыздықтың нәтижесінде дамуы да мүмкін.
Бұл фобия кімдерде болған?
Айлурофобия бірнеше ғасыр бұрын да болған. Кей деректерде мысықтан белгілі тарихи тұлғалар да қорыққаны жайлы айтылады.
- Наполеон I Бонапарт (1769 ж. 15 тамыз - 1821 ж. 5 мамыр)
- Бенито Амилкаре Андреа Муссолини (1883 ж. 29 шілде - 1945 ж. 28 сәуір)
- Адольф Гитлер (1889 ж. 20 сәуір - 1945 ж. 30 сәуір)
сурет: behance.net
Мысықтан қорқу ауру түріне жата ма?
Психологиялық тұрғыдан алғанда бұл фобия түріне жататындықтан, ауытқушылықты білдіреді. Фобияларды емдеу үшін көбінесе психотерапия, атап айтқанда, когнитивті мінез-құлық терапиясы (КМТ) және жүйелі десенсибилизация әдістері қолданылады. Бұл әдістер адамның қорқынышын басқаруға және оны біртіндеп жеңуге бағытталған. Кейде дәрі-дәрмек терапиясы да қолданылады, бірақ бұл әдіс әр адамға бірдей қажетті болмауы мүмкін.
сурет: Depositphotos
Қалай арылуға болады?
Айлурофобияны емдеу жолдары бар және оларға психотерапиялық әдістер жиі қолданылады:
Когнитивті мінез-құлық терапиясы (КМТ). Бұл терапия адамның санасында орын алған теріс сенімдерді анықтап, оларды оң ойлармен алмастыруға бағытталған. КМТ әдісі бойынша адам мысыққа қатысты жағымсыз ойларды бақылап, оларды өзгерте алады.
Экспозициялық терапия. Бұл әдісте адамды қорқыныш тудыратын жағдайлармен біртіндеп таныстырып, бейімдейді. Айлурофобия жағдайында, мысалы, мысықтардың суреттерін көруден бастап, кейін шынайы мысықтармен бетпе-бет келуге дейінгі кезеңдерден өтеді.
Релаксация және тыныс алу әдістері. Терең тыныс алу, медитация сияқты әдістер арқылы қорқынышты жеңілдетуге болады. Бұл әдістер адамның тыныштануына және стресс деңгейінің төмендеуіне көмектеседі.
Дәрілік терапия. Кейбір жағдайларда, айлурофобия тым күшті болғанда, психиатр дәрілік препараттарды ұсынуы мүмкін. Бірақ бұл тек қысқа мерзімді жеңілдету құралы ретінде қолданылады.
сурет: Depositphotos
Ел аузында жүрген мифтер
Қазақ халқында мысықтарға қатысты қызықты наным-сенімдер мен ырымдар бар және олар көбіне халықтың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымынан туған.
1. Мысықтан қорықса, енесі қатал болады
Бұл ырым - қазақ халқында кең таралған сенімдердің бірі. Бұл нанымның шығу төркіні нақты белгісіз болғанымен, халық арасында мысықтан қорқу мен ененің қаталдығы арасындағы байланыс туралы әзіл түрінде айтылады. Кейбір этнографтар бұл сенімді келіннің өзіне деген сенімділігін арттыру мақсатында немесе оның жаңа отбасына бейімделуін жеңілдету үшін қолданған деп санайды.
2. Мысық үйге кірсе, жақсылықтың белгісі
Қазақ халқы мысықтарды үйлеріне келгенде жақсылықтың белгісі деп қабылдайды. Егер үйге бейтаныс мысық келіп, орналасып алса, бұл үйге құт-береке келеді деп сенген.
3. Қара мысық жолды кессе, сәтсіздікке ұшырайсың
Бұл нанымның шығу тегі орта ғасырларда қара мысықтарды сиқыршы әйелдермен және жамандықпен байланыстырған кезеңдерден бастау алады.
4. Мысық түнде ұзақ мияуласа, бақытсыздық әкеледі
Егер мысық түнде тоқтаусыз мияулай берсе, бұл алдағы уақытта келетін қиындықтар туралы ескерту ретінде саналған. Әсіресе қазақтар мысықтың түнде өзгеше қылық танытуын табиғаттағы өзгерістермен немесе алдағы қауіппен байланыстырады.
5. Мысық босағада жатса, қонақ келеді
Бұл ырым бойынша мысық есік алдында немесе үйдің босағасында жатса, үйге қонақ келуі мүмкін деп есептелген. Мысықтардың табиғаты әрдайым жаңа жағдайларға, өзгерістерге сезімтал болғандықтан, олардың үйге қонақ келуін сезетініне сенген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Литпин