Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл құжат 2025 жылғы сәуірде Мемлекет басшысы берген тапсырма негізінде әзірленген.
Не ұсынылады?
Рақымшылық аясында келесі санаттағы азаматтар жазадан босатылуы мүмкін:
қылмыстық теріс қылық немесе жеңіл дәрежелі қылмыс жасағандар; орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар, егер келтірілген зиян болмаған немесе толық өтелген болса; әлеуметтік осал топ өкілдері жасаған орташа ауырлықтағы қылмыстар — зиян көлеміне қарамастан.
Сондай-ақ:
Заң күшіне енгенге дейін жасалған жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша қылмыстық істер жабылады — тіпті сот үкімі шықпаған болса да. Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша сотталғандарға жаза мерзімі қысқартылады. Алаяқтық пен ірі көлемдегі жымқыру бойынша сотталғандарға, егер келтірілген зиян толық өтелсе, жаза бестен бір бөлікке қысқарады.
Кімдерге рақымшылық жүрмейді?
аса қауіпті қылмыс жасағандар;
сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар;
зорлық-зомбылық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, мемлекеттік құпияны жариялау бойынша айыпталғандар.
Қандай нәтиже береді?
Заң әзірлеушілердің айтуынша, бұл: тұтқындар санын азайтады; бюджеттен қосымша шығынды қажет етпейді; қоғамға кері әсер етпейді. Заң жобасын Мәжілістің барлық салалық комитеттері қолдады. Талқылауға ІІМ, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, судьялар, әскери өкілдер, ҮЕҰ мен басқа да мемлекеттік органдар қатысты.
Қанша адам бостандыққа шығады?
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, амнистияға 6 мың түзеу мекемесінде отырған сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам ілігіп отыр.
"Жалпы 15 мың адам қамтылады. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 адам, пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, яғни барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады. Қалған 11 мың адамға жаза мерзімін дифференциалды қысқарту шарасы қолданылады. Заң жобасы 833 әйелге де қатысты болады: олардың ішінде 109-ы босатылады, 724-іне жаза мерзімі қысқартылады", — деді Құспан Мәжілістің жалпы отырысында.
Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс амнистия туралы заң жобасын талқылауға қабылдаған еді. Абзал Құспанның айтуынша, рақымшылыққа ең алдымен: зейнеткерлер, кәмелетке толмағандар, балалы әйелдер,
қылмыс жасаған кезде жалғызбасты әке болған ер азаматтар сынды қоғамға қауіп төндірмейтін тұлғалар ілігеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет