“Мынау деген масқара ғой“. Сәтбаев қаласының тұрғыны ауадағы күйеге шағымданды

Фото: Видео кадры

Желіде Ұлытау облысындағы Сәтбаев қаласында көшелерді қара күйе басып қалғаны көрінетін видео тарады. Қала әкімдігі оқиғаға қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видео Сәтбаев қаласындағы мұз айдынның бірінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Кадрлардан мұз айдынның бетін күйе басқаны көрінеді, яғни жылу қазандығынан шыққан түтіннен қар қараға боялған. Ер адам мұздың бетін қолымен сипап, қап-қара алақанын көрсетеді.

"Мынаны қараңыздар. Мынау енді болмайды. Күйе шектен тыс түсіп жатыр. Аспандағы қара түнекті қараңыздар, мынау деген масқара ғой. Мыналар шектен шығып кетті", - дейді ер адам видеода.

Облыс әкімдігі не дейді?

Облыс әкімдігінің мәліметінше, бұл жылу тарифін төмен бағада ұстап тұру үшін арзан көмір жаққаннан болып отыр.

"Сәтбаев қаласының қазандығында жылу энергиясын өндіру үшін төмен бағада сатып алынған "Молодежный" кенішінің көмірі пайдаланылады, бұл жылу тарифін төмен бағада ұстап тұруға көмектеседі, бірақ экологиялық жағдайға және жабдықтың тиімділігіне теріс әсер етеді", - делінген хабарламада.

Қаланы жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жөндеу жұмыстары былтыр ғана жүргізілген. Оған жалпы сомасы 1,6 млрд теңге жұмсалған. 

"1962 жылы пайдалануға берілген негізгі жабдық жыл сайынғы жөндеу жұмыстарына қарамастан, айтарлықтай тозғанын және газ тазарту жүйелері толығымен ескірген. 

Қазіргі уақытта кәсіпорын жылу энергиясымен экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға және кешенді экологиялық рұқсат алуға бағытталған ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Ең маңызды жоба - газ тазарту жүйесін орнату", - делінген жауапта.

Қазір қалада жеке үйлерге газ тарту бойынша жоба әзірленіп жатыр. Жергілікті билік бұл жоба аяқталған соң қазандықтан шығатын күйе мәселесі шешіледі деп сеніп отыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә