- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мың бөлімнен асатын...
Мың бөлімнен асатын "Дениз" сериалының актерлері қайда жүр?
Дениз бен Мәрт, Бану мен Мелих, Пелин секілді кейіпкерлер есіңізде ме? Біз оларды түріктің "Дениз" сериалынан көрген едік. Massaget.kz тілшісі "Дениз" актерлері қазір қайда екенін іздеп көрді.
"Дениз" сериалы 2009 бен 2015 жылдар аралығында түсірілген. 7 маусымы, 1287 бөлімі бар. Сериалдың түпнұсқа атауы - Deniz Yıldızı, яғни "теңіз жұлдызы" деген мағынаны береді.
Телехикая сюжеті бойынша, Дениз Анкараға келіп, медицина факультетіне оқуға түседі. Кейін факультеттің деканы Бахри Қожа әкесі екенін біледі. Сөйтіп, әкесінің екінші отбасымен тұра бастайды. Сериалда жастардың махаббаты, достығы, қиындықтары көрсетіледі.
Басты кейіпкерлер Дениз бен Мәртті сомдаған актерлер үшінші маусымнан кейін жобадан кетіп қалды, одан кейінгі төрт маусымда Бану мен Мелихтің хикаясы баяндалды.
Дениз ролінде Гюнеш Эмир ойнады. Бұл Гюнештің алғашқы рольдерінің бірі болатын. Оған дейін тек бір фильмнің эпизодына түскен.
Гюнеш "Дениз" сериалының үш маусымына түсіп, кейін жобадан кетіп қалған. Түркиялық БАҚ мәліметінше, кейін кинопродюссерлер келісімшартты бұзды деп Гюнеш Эмирдің үстінен сотқа арыз түсірген. Кейін актрисаның өзі ақшасын толық алу үшін оларды сотқа беріпті. Нәтижесінде, сот болып, актриса жеңіп шыққан.
Гюнеш Эмир "Денизден" кейін де бірқатар телехикаяға түсті. Түркияда танымал болған Paramparça сериалында ойнады. Кейін "Поляр жұлдызы. Алғашқы махаббат" сериалына түсті. Қазір жасы 37-де.
Дениздің ғашығы Мәртті Корай Эркөк сомдады. Корай да жобадан үшінші маусымнан соң кетіп қалды.
Содан бері 36 жастағы Эркөк телехикаяларға түсіп жүр. Көбіне комедиялық жанрда. 2017 жылы "Екі өтірікші" сериалының бірінші маусымына түскен. Одан кейін "Қылмыс элементі" және "Кішкентай өтірік" фильмдерінде ойнады. Ал биыл "Ертұғырыл" сериалының жалғасы "Осман құрылысының" бір эпизодына түсті. Негізі, Корай театр спектакльдерінде көбірек ойнайды.
Гюнеш Эмир мен Корай Эркек жобадан кеткен соң басты рольдің бірі кедей отбасынан ұялатын Бануға өтті. Оның ролінде Бегюм Топчу Турай ойнады.
Оны бүкіл Түркияға танытқан "Дениз" болатын. Бірақ кейін Бегюм "Махаббаттағы ең әдемі" сериалында Зейноның ролінде ойнап, атағын асқақтата түскен. Ал 2020 жылы "Тәжірибесіз аналар" сериалына түсті. Қазір жасы 37-де.
Банудың сүйіктісі Мелихтің ролінде Кантуг Турай ойнады. Қазір Турайдың жасы 38-де. Бірнеше бағдарламаның жүргізушісі болған, көптеген спектакльде ойнаған. Бірақ оның есімі әлі де "Денизбен" байланысты, оны жұлдыз қылған - осы телехикая.
Турай әлі де театрда жұмыс істейді, спектакльдерде ойнап жүр. Кейінгі ролі "Тәжірибесіз аналар" сериалында болды.
"Дениз" сериалының түсірілімі кезінде, 2014 жылы Бану мен Мелих, яғни Бегюм мен Кантуг өмірде де бас қосқан. Қазір екеуінің екі баласы бар. Екінші баласы биыл дүниеге келді.
Ал Пелин ролінде Башак Акбай ойнады. Оны киноға қарағанда, театр актрисасы дегеніміз жөн. Анкара мемлекеттік театрында жұмыс істеген.
Бірақ ол кезінде "Дениз" сериалына түсу үшін театрдағы жұмысынан бас тартқан. Бұл телехикаяда ол басынан соңына дейін түсті. Ал 2016 жылы Paramparça сериалында ойнады. 2018 жылы "Қапан", 2019 жылы "Дұға ет, біз бауырлармыз" фильмдеріне түсті. Қазір жасы 35-те. Бірнеше әні мен бейнебаяны бар.
Телехикаяда Пелиннің Өзгюр деген ағасы болатын. Оның ролінде Туан Туналы ойнады. "Дениз" - Туналының телехикаядағы алғашқы тәжірибесі. Бірақ ол оған дейін модель ретінде танылған. "Денизден" кейін Туналы "Тыйым салынған жеміс" және "Ерте құс" сериалдарына түсті.
Туан Туналы түркиялық Хазал Филиз Кючюккёсемен үйленген, бірақ олар 2018 жылы ажырасып кетті. Кейін Туналы ресейлік модель Яна Мазановаға сөз салған, алайда олар былтыр ажырасқанын хабарлаған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш