Бүгін Талдықорғанда Шерзат Полаттың ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында екінші куәгер - Жақсыгелді Дана жауап берді. Ол оқиға түніндегі жағдайды өз көзімен көргенін айтып, сот алдында өз шындығын баяндады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Куәгердің айтуынша, сол түні оларды Равиль шақырған.
"Эльмира екеуміз кездесіп, сол жаққа бардық. Барғанда Абзал, Нұрқияс, Равиль тұрды. Кафеге кіріп, биледік. Он екіге таман кафе жабылып, үйге қайтпақ болдық", – деді ол.
Үйге қайту үшін "Мерседес" көлігіне отырған.
"Көлікте Нұрқияс, мен және Равиль отырдық. Жүргізуші – Шыңғыс, ал алдыңғы орындықта Азамат болды", – деді куәгер.
Жолда темекі біткен соң, олар Қамажай дүкеніне тоқтаған. Бұл жерде алғашқы жанжал басталған.
"Эльмира екеуміз дүкенге кірдік. Эльмира темекі сұрады, сатушы "сатпаймын" деді. Біз шыққан кезде сыртта ерегес болып жатты", – деді Жақсыген Дана.
Куәгер оқиғаның шиеленіскен сәтін де баяндады: "Сақалды, ұзын бойлы, сұр киімді жігіт бірінші аспанға, екінші бізге қарай оқ атты. Сосын көшенің арғы бетінде төбелес басталды. Мен қорқып, көліктің артына кеттім".
Сот процесінде куәгерге оқиға орнынан кейінгі жағдай туралы сұрақ қойылды. Ол оқиғадан кейін мылтық пен пышақтың көліктен алынғанын айтты:
"Рысқұлов ауылы жаққа қарай бара жатқанда бір жерге тоқтадық. Сол кезде Шыңғыс деген бала пышақ пен мылтықты алып түсіп кетті", – деді ол.
Сондай-ақ куәгерге Белоғажаевтың пышақ пен мылтықты жоюға қатысы бар-жоғы сұралды. Бұл сұраққа куәгер: "Ол жерді көрген жоқпын. Сол кезде Нұртас ауырып, көліктен түсіп темекі шегіп тұрған", – деп жауап берді.
Тағы бір деталь ретінде куәгер сотта былай деді: "Шынасылға пышақты жууы үшін Dizzy құйып бердім. Бірақ пышақ пен қаруды көрген соң қатты қорқып кеттім".
Ол неге құқық қорғау органдарына хабарласпағаны туралы сұраққа: "Өмірімде бірінші рет ондай жағдайды көрдім. Өз өмірім үшін қорқып, машинада отырып қалдым", – деп түсіндірді.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Айта кетейік, түске дейін бірінші куәгер қыз сөйледі. Ол осыған дейінгі айтқан сөздерін жоққа шығарды. Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!