Мықты гроссмейстердің жылдық табысы 70 млн теңге - Шахмат Федерациясының атқарушы директоры

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Дүниежүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісін атап өтіп, "Талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек" екенін айтты. Осы орайда шахматшыларымыздың қазіргі ахуалы және мемлекет тарапынан ақыл-ой ойынына қандай қолдау көрсетіліп жатқанын білу мақсатында Шахмат Федерациясының атқарушы директоры,  шахматтағы әйелдер арасындағы гроссмейстер Гүлмира Дәулетовамен сұхбаттастық.

Гүлмира Бекзатқызы, қыркүйек айының аяғында Будапеште (Мажарстан) өткен 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында тарихи нәтиженің куәсі болып ел болып қуандық. Осы жеңістен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшыларға қолдау көрсетілуі керек екенін мәлімдеді. Шахматшыларымызға, федерацияға мемлекеттен қолдау бар ма?

– Мемлекеттен тікелей қолдау жоқ, бізді тек демеушілер ғана қолдап отыр. Қаржылай сыйақыға қатысты бұйрық та, қағаз жүзінде бекітілген шешім де жоқ. Екі апта бұрын Мемлекет басшысы мәжіліс депутаттарының алдында сөз сөйлеп, математика мен шахмат олимпиада жеңімпаздарына спортшыларға көрсетілгендей құрмет көрсетілуі керек екенін айтты. Мүмкін осыдан кейін шахматқа деген мемлекеттік көзқарас өзгерер деп үміттенеміз. Федерацияға әрдайым демеуші табу оңай емес. Әлем чемпионы болған қыздарға қаржы бөлінеді. Яғни халықаралық деңгейде нәтижеге жетсеңіз ғана қалалық әкімдік бюджеттен қаржы бөледі. Ал басқа балалар қиын жағдайда. Қазіргі таңда Алматы, Астана талантты ойыншыларға жақсы қолдау көрсетіп, стипендия тағайындады. Бізде басқа спорт түрлерінен Олимпиада жүлдегерлеріне 250 мың доллар сыйақы беріледі, ал  шахматқа ештеңе жоқ. Тек шахмат федерациясының президенті Тимур Тұрлов Будапештегі әлем чемпионатында күміс алған қыздарға демеуші ретінде 20 млн теңгеден берді.

Басқа спорт түрлеріне мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінеді ғой, неге шахматқа бөлінбейді?

– Шахмат олимпиадалық спорт түріне жатпайтындықтан, осындай бір көзқарас қалыптасқан (күліп). Тек ұлттық құраманың командасына кірсеңіз, Туризм және спорт министрлігінің спортты дамыту дирекциясы стипендия төлейді және екі халықаралық командалық жарысқа жібереді. Облыстық деңгейде де кейбір спортшыларды жарысқа жібереді, бірақ бұл өте сирек жағдай.

 – Федерацияның жылдық бюджеті қанша?

– Жылдық бюджетіміз шамамен 5,5 миллиард теңге.

Бұл қаражат қалай жұмсалады?

– Халықаралық жарыстардың саны айтарлықтай артты. Биыл, мысалы, 650 бала қатысқан Азия чемпионатын өткіздік. Сонымен қатар командалық әлем чемпионатын ұйымдастырдық, ол жерде Магнус Карлсен де болды. Шамамен 50 команда қатысып, жүлде қоры 350 мың АҚШ долларын құрады. Алдағы 29 қазанда әйелдер арасында Гран-при турнирін өткіземіз. Одан бөлек, халықаралық Қазақстан турнирлерін ұйымдастырамыз. Әрбірінің жүлде қоры кемі 50 мың доллар, биыл үш рет осындай турнир өткіздік. Ақтөбеде өткен опен турнирдің жүлде қоры 100 мың долларды құрады.

Тек ересектерге арналған жарыстар ма?

– Жоқ, балаларға арналған турнирлеріміз де бар. Балаларға арналған 6 кубоктің жүлде қоры 3 миллион теңгеден. Одан кейін Қазақстан біріншілігі бар, мұнда да жүлде қоры 3 миллион теңге. Талантты балаларға арналған бағдарламаның бюджеті 460 миллион теңге.

Жарыстар мен бағдарламалар арқылы жас таланттарды дамытуға тырысамыз. Азия мемлекеттеріне арналған әлеуметтік бағдарламамыз бар. Бұл бағдарлама арқылы Непал, Камбоджа, Шри-Ланка, Оман және Тәжікстан шахмат олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар депутаттар, БАҚ өкілдері, ІІМ қызметкерлері, дипломаттар және ұстаздарға арналған имидждік турнирлеріміз де бар. Мақсатымыз - шахматты қарапайым халық арасында кеңінен насихаттау. Сонымен қатар құрамаларға арналған гранттық бағдарламамыз бар, оның бюджеті 485 миллион теңге. Бұл бағдарламаның ішінде алтын, күміс және қола пакеттер бар. Мысалы, қола пакеттер - 5 миллион, күміс - 15 миллион, ал алтын пакеттер - 30 миллион теңге алады.

Мықты гроссмейстердің жылдық табысы қанша?

– Бұл нәтижеге байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, Бибісара Асаубаева - алтын пакеттегі ойыншы. Оған 30 миллион теңге және қосымша 40 миллион теңге көлемінде президенттік грант берілді. Жалпы алғанда, 70 миллион теңгеге жетеді. Бұл қаражат жаттығулар мен шетелдік турнирлерге жұмсалады. Жарыстардағы жүлде қоры да шахматшылардың еншісінде, кейде бұл сома 10 мың АҚШ долларына дейін барады.

Елімізде шахмат сарайы салынады деген жаңалықтар болды, бірақ оның құрылысы қашан басталатыны туралы нақты ақпарат жоқ. Бұл жайлы не айтасыз?

– Шымкент пен Астанадағы бос жер учаскелерін күтіп отырмыз. Орын табылса, құрылыс басталады. Астанада жер табу сәл қиын болып тұр. Сарай құрылысы, негізінен, демеушілердің көмегімен жүзеге асатын шығар деп ойлаймыз.

Шахматтан қыздар құрамасы ерлерге қарағанда мықты сияқты?

– Иә, қыздарымыз шынымен мықты. Бірақ соңғы кездері жігіттер де жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Мәселен, былтыр Данис Қуандықұлы әлем біріншілігінде 10 жасқа дейінгі категорияда тұңғыш рет бірінші орынды иеленді. Бұған дейін ұлдар әлем чемпионаттарында тек қола немесе күміс медальдармен шектеліп келген. Қазіргі таңда біз Қазақстан бойынша 45 балаға арналған "Жас таланттар" бағдарламасын іске асырдық. Бұл бағдарламада балаларды деңгейлеріне қарай үш пакетке бөлдік: қолада - 27, күмісте - 12, алтында - 6 бала. Данис алтын пакетте. Біз олардың жаттықтырушыларының шығындарын, жарыстарға қатысуын қаржылай қолдаймыз. Сондай-ақ ай сайын 100 мың теңге стипендия төленеді. Қазіргі уақытта осы бағдарламада 30-ға жуық жаттықтырушы жұмыс істеп жатыр. 20 жасқа дейін Қазбек Нөгербек алтын медаль алды. Бұл да керемет жетістік.

ҚАЗАҚТІЛДІ КОНТЕНТ ПЕН ОҚУЛЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ

Үлкен мегаполисте шахмат орталықтары көп, оқулықтар да онлайн/офлайн жетерлік. Бірақ қазақ тілінде шахматқа қатысты оқулықтар мен әдістемелер, тіпті жаттықтырушыларда аз екенін естимін. Бұл қаншалықты рас?

– Иә, өкінішке қарай, қазақ тіліндегі контенттер өте аз. Шахматшылардың көбісі орыс тіліне үйреніп қалған, сондықтан жаттықтырушыларымыз да орысша сабақ береді. Бірақ біз бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз. 2017 жылы 3-4-5 сыныптарға арнап бірнеше автордан құралған кітаптар жаздық. Екі автор орыс тілінде, мен қазақ тілінде жаздым.

Жаңа оқулықтар жазу жоспарыңыз бар ма?

– Иә, 2023 жылдан бастап жаңа авторлармен 1-сыныптан бастап екі тілде жаңа оқулықтар жазуды қолға алдық. Терминдерге келгенде қиындықтар туындады. Біз глоссарий жасадық, орыс тілінен қазақшаға көптеген сөздерді аудардық. Глоссариді министрлік мақұлдады, терминкоммен де жұмыс істедік. Мысалы, фигуралардың аттарын қалай аудару мәселесінде көптеген талқылаулар болды. Пешканы біреу "пешкі" деп атаса, біз оны "сарбаз" деп аудардық. Ал "ладья" үшін "тура" терминін таңдайық деген де ұсыныстар болды. Уәзір термині де көп талқыланды (күліп).

БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ТОСҚАУЫЛЫ

Шахматтарды мектептерде енгізу жұмыстары бір кездері басталған сияқты еді, бірақ кейіннен баяулап қалған сияқты ма?

– 2017 жылы мектептерге шахматты енгізген кезде оны міндетті пән емес, факультативтік пән ретінде енгіздік. Бұл негізінен, Білім және ғылым министрлігінің бізге қойған тосқауылының нәтижесі еді. Бірақ 2022 жылы Үкімет Қазақстанда шахматты дамыту бойынша стратегиялық құжат қабылдады. Соның арқасында Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетіп, шахматты міндетті пән ретінде енгізуге мүмкіндік алды.

Қазіргі таңда қанша мектепте шахмат міндетті пән ретінде оқытылады?

– Былтыр пилоттық жоба ретінде 42 мектепте енгізілді, ал биыл 350 мектепте шахмат міндетті пән ретінде оқытылады. Келесі жылы бұл көрсеткішті 700-ге дейін көтеруді жоспарлап отырмыз, ал 2027 жылға қарай 1400 мектепті қамтуды көздейміз. Жоспар бойынша еліміздегі мектептердің 20%-ын қамтуымыз керек. Қазақстанда 7000 мектеп бар, яғни 20%-ы - 1400 мектеп. Біз одан да көп мектепті қамтуды жоспарлап отырмыз.

Мектептерден өтініштер қаншалықты көп?

– Биыл бізге 700 мектептен өтініш түсті. Әр облыста өздерінің білім басқармалары бар, солар арқылы өтініштерді қабылдадық. Ішінен 300 мектепті таңдап алдық. Ең басты мәселе - кадр жетіспеушілігі. Мәселен, 350 мектептің өзінде кадрларды дайындау ұзақ уақыт алады. Біз оларға видео сабақтар әзірледік, сол бойынша оқып, емтихан тапсырады, сертификат алады. Сонымен қатар офлайн форматта да семинарлар өткіздік. Биыл 200 мұғалімді курстардан өткіздік, әсіресе бастауыш мектеп мұғалімдеріне ерекше назар аудардық. Кәсіби шахматшыларға тек факультатив ретінде сабақ өткізуге рұқсат беріледі. Ал міндетті пән ретінде барлық сынып оқушылары шахматты үйренеді.

ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ?

Сіздіңше шахматты орта мектептерде міндетті ету дұрыс па?

– Міндетті болғаны дұрыс. Оның үстіне, сабақ аптасына бір рет, 45 минут қана өтеді. Мұндағы ең басты мақсат - оқушыларды кәсіби шахматшы етіп дайындау емес, шахматты интеллектуалды құрал ретінде пайдалана отырып, логикалық және стратегиялық ойлау қабілеттерін дамыту. Шахматта қиғаш, тік, көлденең деген элементтер бар. Балалар 1-4 сынып аралығында осы элементтерді үйренсе, олардың ойлау жүйесі мен нейрондық байланыстары басқаша қалыптасады. Сондықтан шахмат балалардың сабақ үлгерімін, зейінін, және ойлау қабілетін арттырады. Негізгі мақсат - осы. Сонымен қатар осы кезеңде талантты балалар шахматты ұнатып, қосымша үйірмелерге барып дайындалуға мүмкіндік алады. Мамыр айында Испанияға барып, Барселонаның бірнеше мектептерін көріп келдік. Олардың оқу жүйесінде шахматты пәнаралық қосымша ретінде енгізген. 

Демек дамыған елдердің тәжірибесінде шахмат бұрыннан бар ғой?

– Иә, математика өтіп жатқанда шахмат тақтасын көрсетіп қойып санайды. Қай фигура қай шаршыда орналасқан, ол жерге қалай жету керек деген сияқты тапсырмаларды шешеді. Сонымен қатар Kahoot деген ойын түрінде білім беретін платформаны пайдаланады. Психология пәнінде шахматты пайдаланады. Арменияда шахмат міндетті пән ретінде 2-сыныптан бастап өткізіледі. Мемлекеттің президентінің қаулысымен енгізген. Ол кісі кезінде шахмат федерациясының президенті болған. Соның арқасында олар шахматты өте жоғары деңгейге көтеріп, Арменияның ерлер құрамасы екі рет Олимпиаданың алтын жүлдесін иеленді. Олардың шахмат Олимпиадасындағы премиясы жазғы олимпиада ойындарымен тең болды.

Ең есте қалған партияңыз қандай?

– 2014 жылы Норвегияда өткен Олимпиадада менің қарсыласым француз қыз болды. Қолда бар ресурстарыммен (менде екі ладия, ал қарсыласымда ферс) қиындықпен жеңіп, командалық есепте 6-орынға шықтық. Бұл біздің ең жоғары нәтижеміз еді, қыздарымның мені күтіп тұрғаны есімде.

Норвегиядағы ойын сәті

Ақ пен қара тақтаның қайсымен ойнаған жеңіл?

– Ақпен ойнаған жеңілірек, себебі ойынды бастаған адам шабуыл таңдайды. Қарамен теңестіру қажет, сосын ғана қарсы шабуылға шығуға болады. Сондықтан ақпен ойнаған ұнайды.

Өмірде де ақ тақтамен ойнайтын сәттеріңіз көп болсын! Уақыт бөлгеніңізге көп рақмет!

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз