Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 55 миллиард теңге сомасына бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атамекен ҰКП "Бірыңғай сатып алу терезесі" ақпараттық жүйесі арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына мониторинг жүргізу бойынша жобаны іске асырып жатыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 55,1 миллиард теңге сомаға артық өсудің алды алынды, оның жартысы - 26 миллиард теңге (немесе 47 пайыз) бюджетке қайтарылды. Қалған соманы тапсырыс берушілер қайта қарады. Жоспарлы баға төмендеді немесе осы ақша шеңберінде сатып алынатын тауар саны ұлғайды.
"Мәселен, СҚО-да 230 млн теңгенің заңсыз жұмсалуына жол берілмеді. Агенттік Петропавлда теледидар мұнарасына арналған жарықдиодты жабдықты монтаждау бойынша жұмыстарды сатып алу төтенше жағдаймен байланысты болмаса да, төтенше жағдайларды жою сылтауымен жүргізілгенін анықтады. Нәтижесінде шарт бұзылып, бюджет қаражаты қайтарылды.
Қарағанды облысында мамандандырылған музыкалық мектеп-интернат 9 миллион теңгеге 18 мың бөтелке ас сірке суын сатып алуды жоспарлаған, бұл мекеменің қажеттілігінен едәуір асып түседі (барлығы 460 адам). Сонымен қатар бір бөтелкенің бағасы 300 теңге нарықтық құнынан 500 теңгеге дейін көтерілген, бұл шығындарды 3,5 миллион теңгеге арттырды. Біздің араласуымыздан кейін сатып алу тоқтатылды, ал бюджет шығыны 9 миллион теңгеге үнемделді", - делінген Антикордың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сол сияқты Қызылорда облысында облыстық филармония 300 қабырға суретін орташа нарықтық бағасы бір бірлігіне 20 мың теңге бола тұра 48 миллион теңгеге (бір картинаға 160 мың теңгеден) сатып алуды жоспарлаған. Құнның артуы 42 миллион теңгені құрады. Антикордың ұсынысынан кейін сатып алу тоқтатылып, қаражат бюджетке қайтарылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!