Алматыда "Медеу" мұз айдынының салқындату жүйесі толық жаңартылады. Бұл туралы ӨКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Медеу" биік таулы спорт кешенін ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл - кейінгі жылдардағы ең ірі техникалық жаңғырту жобасы. Инженерлік инфрақұрылым толық жаңғыртылғанымен, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген "Медеудің" сыртқы келбеті өзгеріссіз сақталады.
"Жобаның негізгі кезеңдерінің бірі - ауданы 10,5 мың шаршы метр болатын мұз алаңының технологиялық плитасын толық жаңарту және салқындату жүйесін ауыстыру. Жаңа жабдық ауа температурасы +15 градусқа дейін жеткен жағдайда да мұздың мінсіз сапасын сақтауға мүмкіндік береді", - деді ол.
Жаңғырту инженерлік жүйелерді де қамтиды. Технологиялық үдерістерді автоматтандыру және жылумен жабдықтау жүйесін табиғи газға көшіру нәтижесінде энергия ресурстарын тұтыну 25-30 пайызға қысқарып, нысанды пайдалану экологиялық тұрғыдан тиімді болады.
Өзгеріс спорттық инфрақұрылымға да әсер етеді. Шығыс трибунаның астында төрешілерге арналған заманауи бөлмелер, допинг бақылау аймағы және халықаралық спорттық жарыстардың талабына сай, әрқайсының ауданы 50 шаршы метр болатын сегіз кең киім ауыстыратын бөлме жабдықталады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!