"Музей апа". Қызылордада жалақысының жартысын музейге жұмсаған қарт ұстаз тұрады

"Музей апа". Қызылордада жалақысының жартысын музейге жұмсаған қарт ұстаз тұрады
Фото: Жеке архивтен

Қызылорда қаласында жарты ғасырдан аса уақытын екі мың шақты жәдігер жинауға арнап, оған жалақысының қомақты бөлігін жұмсаған қарт ұстаз тұрады. Massaget.kz тілшісі көпшілік арасында "Музей апа" атанып кеткен Күләш Алматшаеваның коллекциясымен танысып қайтты.

Күләш Алматшаева саналы ғұмырын Қызылорда қаласында орналасқан К.Қаракөзов атындағы №235 орта мектепте өткізіп келеді. Біраз жыл орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Зейнет жасында болса да әлі күнге мектептегі "Атамекен" музейіне жетекшілік етіп жүр.

Ең қызығы, Күләш Алматшаева музей қорындағы екі мыңдай жәдігерді жалақысы есебінен сатып алып, жинаған. Қайда барса да құр қол қайтпайтын жанның бұл әрекетіне үй іші түсіністікпен қарайды.

"Құны жағынан ең қымбаты, салмағы жағынан ең ауыры - арба. Тарихы екі жүз жылға татиды. Атқа да, түйеге де, өгізге де жеккен. Ұлым сатып алып берді. Қаншаға алғанын айтпады, бірақ қымбат екені сөзсіз. Оны мұнда жеткізудің өзі мұң болды. Жалпы балаларым жалақымның біраз бөлігін музейге жұмсағаныма еш ренжіген емес. Қызығушылығым болғасын қарсы келмейді. Немереме дейін тиын тауып алса да маған әкеп береді", - деді Күләш Алматшаева.

Музейде киізден басылған жайнамаз, Алаш арыстары - Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин ұстаған портфельдер, мектептің алғашқы қоңырауы, сиялы қалам, Кеңес одағы кезіндегі оқушы партасы, портфелі сияқты дүниелер сақталған. Сонымен қатар, ұлттық жәдігерлер, музыкалық аспаптар, ыдыс-аяқтар және тағы басқа көне заттар музей төрінде тұр.

"Қазақстанның Халық әртісі, кино және театр актрисасы Әмина Өмірзақованың "Тақиялы періште" фильмінде тартқан шәлісі тоқылған аппарат та бар. Оны Орынборға сапарым кезінде сатып әкелгенмін", - деді музей жетекшісі.

Суреттер: жеке архивтен

Күләш Алматшаева қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың суреті кестеленген кілемшені қалай тапқанын айтып берді.

"Оқушыларымыздың бірінің анасы туысының үйіне қыдырып барған. Еденге осы кілемшені төсеп тастапты. Үй иелері кілемшеде кім бейнеленгенін білмейді екен. Тарихи тұлғаны аяқасты етуге болмайтынын айтып, ол маған жеткізіп берді. Жуып, әрең тазарттым", - деді Күләш Алматшаева.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz