Әнші Мақсат Базарбаев "МузАрт" тобын өзі құрғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол ХабарLike бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
"Өнерді бала кезден бастадым. 1998 жылы сахнаға шығып бастадым. 2001 жылға дейін "Бауыржан шоу" театрында әнші, актер болдым. 2001 жылы "Музарт" тобын құрдым. Топтың аты 6 айға дейін қойылмады. Үштік болдық. Ең алғаш "Сенің көзің" деген әнді жаздырдық. Арамызда Мейрамбек Бесбаев көшбасшы болды. Онымен бірге ән айтқаныма бақыттымын. Жігіттермен әлі күнге араласамыз. Бет жыртысып кетпедік. Қандай қуаныш, қайғы болмасын - біргеміз. Байланыстамыз", - деді Мақсат Базарбаев.
Айта кетейік, МузАРТ - Қазақстандық вокалды-аспапты ансамбль. "МузАРТ" - көне түркі тілінен шыққан, "УЗ" – сал, сері, тағы сол сияқты ер азаматқа тән қасиеттерді, ал "АРТ" - биік, шың, тау деген мағынаны білдіреді.
Топ алғаш құрылғанда құрамында үш әнші өнер көрсетсе, қазіргі уақытта ВИА сегіз мүшеден тұрады: Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілев, Ғалымжан Артықбаев, Ерлан Құлахметов, Бексұлтан Арман, Ерік Жасақбаев. Сонымен қатар, топтың құрамында Мақсат Базарбаев және Болат Жолдасовтар өнер көрсетті. Топ құрылғалы бері топтың арт-директоры қызметін Ерлан Жүнісбай, музыкалық продюсері қызметін Бексұлтан Арман атқарып келеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз