- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мұз қатқан киім...
Мұз қатқан киім киіп тұрған құтқарушы кім екені белгілі болды (видео)
Әлеуметтік желіде мұз қатқан киім киіп тұрған құтқарушының видеосы тарады. Кадрлардағы құтқарушы кім екені белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақмола обылсы Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, видео Қосшы қаласында түсірілген. Ал құтқарушының есімі - Арман Айқынбеков. Ол - Қабанбай Батыр ауылының өрт сөндіруші құтқарушысы, сержант.
Арман Айқынбековтің сөзінше, өртеніп жатқан үйді сөндіру барысында киімдері су болып, кейін мұз қатқан.
"11 желтоқсанда сағат 04.04-те Астана-Теміртау тасжолындағы жол апатына байланысты шақырту түсті. Көліктен жедел жәрдем көлігінің жәбірленуші жүргізушісін шығарып алдық. Оны дәрігерлерге тапсырдық. Содан кейін Қосшыдан шақырту түсті. Екі қабатты үй өртеніп жатыр екен, ауданы - 290 шаршы метр. Қосшы және Астана ТЖД бірлесіп, өртті сөндіруге кірістік. Өртті сөндіру барысында далада 40 градус аяз көрсетіп тұрды. Автокөлікке жылынамын деп кірген бетте әріптесіміз, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі бізді қанаттандырып, видеоға түсірді", - дейді құтқарушының өзі.
Еске салайық, бұған дейін мұзды қолмен ойып, Атырауды сумен қамтамасыз еткен батыр кім екені белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова