Тұңғыш Президент күніне орай Алматы аудандарында жаппай сырғанауға арналған тегін екі мұз айдынының салтанатты ашылуы өтті, олар алматылықтар мен қала қонақтары үшін тәулік бойы тегін жұмыс істейді, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ-қа сілтеме жасағанҚазақпарат. Жібек жолы - Абылай хан көшесінде және Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағының алдында орналасқан мұз айдындардың іске қосылуы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен өтті. Сырғанау алаңдарының жалпы аудандары 800 және 840 шаршы метрді құрайды. Салтанатты ашылу рәсімі Қазыбек Байбұлов атындағы БЖСМ тәрбиеленушілері және Olympic ice тобының орындауындағы кішігірім концертпен жалғасты. Балалар мен жасөспірімдер түрлі сайыстарға қатысып, сыйлықтармен марапатталды. Мереке күніне орайластырылған спорттық шара барлық келушілерге керемет көңіл-күй сыйлады. Менің үйімнің жанында осындай мұз айдынның ашылғанына аса қуаныштымын. Енді күн сайын сыныптастарыммен келіп, коньки тебетін боламыз. Қала әкімдігіне ризашылығымыз шексіз, - деді қала тұрғыны Ислам Смағұлов. Айта кетер жайт, желтоқсан айының ортасына дейін қала бойынша тағы 6 тегін сырғанау алаңдары іске қосылады. Олар, Әуезов ауданында, Жандосов көшесіндегі Дубок ықшам ауданында (жалпы ауданы 924 шаршы метр), Түрксіб ауданында, Март сауда орталығының жанында (жалпы ауданы 722 шаршы метр), Бостандық ауданында Вилла дей Фиори кешенінің маңында (жалпы ауданы 600 шаршы метр), Медеу ауданы Спартак (Орталық мәдениет және демалыс саябағы) стадионында (800 шаршы метр), Алатау ауданы Саялы ықшам ауданында және Наурызбай ауданы №174 гимназия маңында орналасқан. Тегін мұз айдындарды ашқандары жақсы болды. Бұл елімізде спорттың дамуын ілгерілетіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Баламды осында алып келдім, ол хоккеймен шұғылданады. Коньки тепкенді жақсы көреді, енді бос уақытын осы мұз айдынында өткізетіні сөзсіз, - деп атап өтті ата-аналардың бірі Эльдар Богачов. Аталған мұз айдындар екі техникалық үзіліспен (10.00 және 15.00) 24 сағат, яғни тәулік бойы жұмыс істейді. Барлық сырғанау алаңы керекті жабдықтармен, конькилерді жалға беру және тамақтану орталықтарымен қамтамасыз етілген. Олар демалыс күндері 11:00-ден 23:00-ге дейін, ал қалған күндері 12:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұз айдындар жаңажылдық безендіру стилінде рәсімделген. Конькиді 1 сағатқа жалға алу 600 теңгені құрайды. Ал өз конькилеріңізбен келсеңіз тегін сырғанай аласыздар. Аталған мұз айдындар тек жаппай сырғанауға арналған. Тегін сырғанау мұз айдындары қыс мезгілінің соңына дейін істейді. Жоба ұйымдастырушысы - Алматы қаласының әкімдігі. today.kz