- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сурет салу
Мұсылмандарға сурет салуға бола ма? ҚМДБ жауабы

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы Пәтуә бөлімінің мамандары сурет салуға қатысты ресми үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сурет - әртүрлі бояулармен: акварельмен (қағазға немесе картон), майлы бояумен (холстқа, картонға, ағашқа), пастельмен (ерекше түрлі-түсті қарындаштармен қағазға немесе картонға) салынатын өнер түрі.
Ғалымдар сурет салудың үкімін екіге бөліп қарастырады:
- Жансыз заттардың суретін салу. Төрт мәзһабтың (ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали) ғалымдары жансыз нәрселердің суретін салуға рұқсат етілгендігіне бірауыздан келіскен.
"Ибн Аббастан жеткен риуаятта сурет салушыға: "Бұдан басқа жұмыс жасай алмасаң, мына ағаштың суретін немесе кез келген жансыз затты бейнеле" деген", - делінген жазбада.
- Тірі жанның суретін салу. Бұл - ғұламалардың арасында тартысты тақырып. Жұмһур (ханафи, шафиғи, ханбали) ғалымдары тірі жанның толық бейнесін салуға тыйым салған.
"Пайғамбарымыз "Қиямет күні қатты азапқа тартылатындар - суретшілер" деген. Мәлики мәзһабының және заманымыздың көптеген ғалымы көлеңкесі жоқ жаны бар нәрселердің суреттерін салуға рұқсат береді. Себебі Пайғамбарымыздың кезінде көлеңкесі жоқ суреттерді қолданғаны туралы риуаяттар келген. Тек оны кейбір себептерге байланысты ғана құптамаған. Ал сурет салуға тыйым салынған хадистерді көлеңкесі бар суреттерге қатысты келген деп түсіндіреді", - делінген хабарламада.
Десе де, ғалымдар сурет салуға тыйым салынған хадистердің құрамына жаны бар нәрсенің бейнесіндегі ойыншықтардың кірмейтінін айтқан. Себебі оның баланың жақсы өсіп, қалыптасуына және бала тәрбиесіне пайдасы мол.
"Осы ретте заманымыздың ғалымдары ойыншыққа салыстырып, білім беру мақсатында жаны бар нәрсенің суретін салуға рұқсат берген. Сондай-ақ тәрбиелік мәні бар, пайдалы, шариғаттың қағидаттарына қайшы келмейтін мультфильмдерді шығаруға да рұқсат етіледі", - делінген хабарламада.
Шешім:
- Жансыз заттың суретін салуға рұқсат етіледі.
- Білім беруде, ғылыми мақсатта жаны бар нәрсенің суретін салудың оқасы жоқ.
- Тәрбиелік мәні бар, шариғаттың қағидаттарына қайшы келмейтін мультфильмдерді шығаруға болады.
- Пайғамбарлардың бейнесін бейнелеу - харам.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ Құран сүресін рэп етіп оқыған блогердің әрекетіне баға бергені хабарланған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә