- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мұсылмандарға кірпікке "ламинирование"...
Мұсылмандарға кірпікке "ламинирование" жасауға бола ма? ҚМДБ жауабы
Кірпікке "ламинирование" жасау соңғы бірнеше жылда сұраныс артқан косметикалық процедураның бірі. Дегенмен сұлулыққа жетелейтін бұл қызметті кейбіреулер харам деп жатады. Мұсылманға кірпікке "ламинирование" жасауына бола ма? Мұның жауабын Massaget.kz тілшісі ҚМДБ "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлынан сұрап көрді.
Маманның айтуынша, кірпікті қайыруда көзге қатты түсетін аса бір ерекшелік жоқ.
"Кірпікке "ламинирование" жасаудың халал не харам екенін анықтау үшін оның жасалу жолы мен қолданылатын затының құрамына қарау керек. Мұсылманшылыққа қандай дәрет болса да, су дененің барлық беті мен түктеріне тиюі керек, қас пен кірпік те осы тізімнің ішінде.
Кірпікке "ламинирование" жасаудың дәрет алу кезінде су өткізетіні және құрамы таза екені сұлулық салондарының бұл процедураны халал деуіне себеп болуы мүмкін. Әдетте халал процедура деп жарнама жасайтын адамның бәрі дерлік дін маманы бола бермейді, сондықтан олардың халал деген сөзі жеке түсінік негізінде болуы да мүмкін. Ол шариғатқа сәйкес келетін нақты іс-әрекет болмауы да ықтимал. Бұл бөлек мәселе.
Халал деп жарнама жасайтындардың арнайы бір сертификаты болмаса, сенудің қажеті жоқ. Бұл процедураға барудан бұрын арнайы сертификаты бар-жоғын, қолданатын заттарының құрамы таза екеніне көз жеткізіп алған жөн", - деп жауап берді Елбек Тасболатұлы.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ "дін бойынша блефаропластикаға рұқсат етіле ме?" деген сауалға ресми үкім жариялаған болатын.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында блеферапластика және басқа да эстетикалық отаның харам екені айтылған.
"Егер Шариғат талаптарына көңіл аударар болсақ, Ислам дінінде де тек тәннің кемістігін жою мақсатында мұндай әдіске баруға рұқсат етіледі. Ал тәнді қолдан өзгертуге Исламда қатаң тыйым салынған. Мұны мұсылмандар Алланың жаратқан ісіне араласу деп санайды. Құран Кәрімде "Әлбетте, Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруға бұйырады" ("Ниса" сүресі, 58-аят) делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бір хадисінде Оның (с.ғ.с.) әдемі, әрі жас көріну үшін тістерін егеумен қайрайтын әйелдерді және терілеріне сурет (татуировка) салғандарды лағнеттегені туралы айтылады. Алла жаратқан дене мүшелерді өзгертуге дейін сәнденуді дініміз құп көрмейді. Соның ішінде пластикалық операцияның көбі негізінен харам тірлікке жатады", - делінген мақалада.
Тағы да оқи отырыңыздар: Сырбаз қуырдақты қалай пісіреді?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә