- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мұсылмандарға асшаян (креветка)...
Мұсылмандарға асшаян (креветка) жеуге бола ма?
Көпшілік "балық тектес теңіз өнімдерін" жеуге рұқсат екенін біледі. Ал асшаянды жеуге бола ма? Бұл сұрақтың айналасында әртүрлі пікір қалыптасқан. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары Діни басқарамасы Пәтуа бөлімінің шығарған үкімін ұсынуды жөн көрдік.
Алла Тағала Құранда су жәндіктері туралы былай дейді: "(Уа, мүміндер!) Сендерге және жолаушыларға пайдалануларың үшін теңіздің жәндіктері мен тағамы халал етілді". Алла Елшісі: "Теңіздің суы таза және оның өлексесі адал" – деген.
Ханафи мәзһабының ғұламалары Құран мен сүннетте аталған "су жәндіктерін" балық атауына жататын жәндіктер деп түсіндіреді. Яғни, өздігінен өліп, судың бетіне қалқып шыққан балықтан басқа кез келген балық тектестің өлісін де, тірісін де жеуге болады. Ал балық атауына жатпайтын: таңқы шаян (краб), мидия, құрбақа, асшаян (креветка), кальмар секілді жәндіктерді жеуге болмайды.
Дегенмен тіл мамандары асшаянды балық тектес жәндіктердің бірі ретінде санайды. Осыны негізге ала отырып, кейбір Ханафи ғалымдары асшаянды (креветка) жеуге рұқсат етеді.
Имам Рамли "Ниһаяту әл-Мухтаж" кітабында: "Шафиғи мазһабында бұл мәселе екіге бөліп қарастырылады: 1) Тек қана суда өмір сүретін, алайда жағаға шыққан жағдайда өмір сүре алмайтын жәндіктер. Оларды жеуге рұқсат етіледі. 2) Қос мекенді. Яғни суда да, құрлықта да өмір сүре беретін жәндіктер. Олардың ішінде еті желінетін малға ұқсастарын бауыздалған жағдайда ғана жеуге рұқсат, ал еті желінбейтін жануарларға ұқсағандарды жеу харам болады. Шафиғи мазһабының көзқарасы бойынша: құрбақа, тасбақа, краб және су жыланын жеуге рұқсат етілмейді" – делінген.
Ханбали мәзһабының белгілі ғалымы ибн Құдама "әл-Муғни" кітабында: "Су құстары, тасбақа, теңіз иті секілді құрлықта да өмір сүре алатын су жануарларын бауыздамай жеуге болмайды. Ал су шаяны (рак) секілді қаны жоқ жәндіктерді бауыздамай-ақ жеуге рұқсат етіледі" деп келтіреді.
Үкім:
1. Теңіз жәндіктерінен балық және балық тектестерді ғана жеуге рұқсат етіледі.
2. Асшаянды (креветка) жеуге рұқсат етіледі.
3. Ал су шаян (рак) мен таңқы шаян (краб) балық тектес жәндікке жатпағандықтан, Ханафи мәзһабында оны жеуге болмайды. Ал өзге мәзһабтарда жеуге рұқсат.