"Мұрнын сындырған". Президенттер қай спорт түрімен айналысады?

"Мұрнын сындырған". Президенттер қай спорт түрімен айналысады?

Спорт - адам өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Күнделікті өмірде кемінде жарты сағатты спортқа арнаудың денсаулығыңызға пайдасы болмаса, зияны жоқ. Мемлекет басшылары да спортпен белсенді айналысып жатады. Мемлекет басшылары қандай спорт түрімен жиі айналысады? Massaget.kz тілшісі шолу жасады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстел теннисін жақсы ойнайтыны ешкімге жасырын емес. Тіпті кезінде Қазақстанның үстел теннисі федерациясын 13 жыл басқарған болатын. Фотода Қазақстанның болашақ президентінің дипломаттар арасындағы турнирге қатысып жатқан сәті.

Бейжің қаласы, 1986 жыл. Фото: Борт N1

Одан бөлек, Президент елдегі үстел теннисіне байланысты шараларға белсенді қатысады. Мысалы биыл 21 наурызда Тоқаев Алматыдағы үстел теннисінің жаңа орталығын аралау барысында теннис ракеткасына қолтаңба қалдырып кеткен. 

Фото: Борт N1

Сонымен қатар, Президент елге мемлекеттік сапармен келген өзге де басшылармен ұстел теннисін ойнап тұрады. Биыл мамырда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен үстел теннисін ойнаған болатын. Жақында Ердоғанның кезекті мемлекеттік сапары кезінде де осы спорт түрін ойнаған. 

Фото: Борт N1

Францияның 45 жастағы президенті Эммануэль Макрон үлкен тенниске қызығады. Бос уақытында спорттың осы түрімен айналысуға тырысады екен. Ашық дереккөздерінің мәліметінше, Макрон саясатқа дейін футбол және бокспен айналысқан. Тіпті Францияның футбол федерациясының лицензиясы болған. Алайда кейіннен үлкен тенниспен айналыса бастаған. Бұрынғы кәсіби теннисші Патрис Кучнамен жаттыққан. 

Одан бөлек, Макрон түрлі шарада спортшылармен не қайырымдылық мақсатта үлкен теннис ойнап тұрады. 

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның отбасы қарапайым болған. Әкесі күзетші, ал анасы үйде бала тәрбиесімен айналысқан. Желідегі мәлімет бойынша, Ердоған бала күнінде мектептен келгеннен кейін қарбыз сатып, ата-анасына көмектескен. Ал әкесіне ұлы арасында "жүгіріп жүргені" ұнамаған. Яғни әкесі ұлының футболмен айналысатынын құптамаған. Тіпті Ердоған футболға арналған бутсыды әкесінен жасырып жүрген.   

Осылайша жас кезінде әкесінен жасырып, футбол ойнаған Ердоған мектепте футбол командасының капитаны болған. Кейіннен жартылай кәсіби деңгейде футбол ойнаған. "Фенербахче" футбол клубы онымен келісімшарт та жасаспақ болған. 


Фото: Twitter / ilmfeed

Бүгінде Түркияның "Касымпаша" футбол клубы матч өткізетін стадионға Түркия басшының есімі берілген. Ыстамбұлдағы Режеп Тайып Ердоған атындағы стадионға 13,5 мыңнан аса адам сияды.

Одан бөлек, Түркия басшысы елдегі футбол саласына жиі қолдау көрсетіп тұрады.

Ердоғанның премьер-министр қызметіндегі кезі. Фото: aze.az

Беларусь президенті Александр Лукашенконың спортқа деген қызығушылығы футболдан басталған. Ол әлі күнге дейін өзін "футболшы" деп атайды.

Фото: president.gov.by

Алайда тізесінен алған жарақат салдарынан сүйікті спорт түрін ауыстыруға тура келген. Бүгінде Беларусь президенті көбіне хоккеймен айналысады.

Фото: president.gov.by

Одан бөлек, Лукашенко жүгіру, тау шаңғысы, велоспорт және тенниспен айналысады. Бұл туралы президенттің ресми сайтында жазылған. Лукашенконың өмірінде биатлонның орны ерекше. Ел президенті биатлоншылардың әуесқой жарыстарына да қатысқан.

Футболға бала күнінен қызыққан президенттердің бірі - АҚШ президенті Джо Байден. Бала күнінде Байден кекештеніп сөйлейтін болған. Ал достары оны мазақтаған екен. Сондықтан Байден өзіне сенімді бола түсу үшін спортпен айналысуды жөн көреді. Бұл туралы ол "Promises to Keep: On Life and Politics" атты ғұмырнамасында жазған.

Джо Байден (№30). Фото:sports.yahoo.com

Байден мектеп кезінде спорттың бірнеше түрімен айналысқан. Бірақ көбіне футбол алаңында жартылай қорғаушы және ресивер ретінде жақсы танылған.

Ресей президенті Владимир Путин спорттың бірнеше түрімен айналысады. Қытайлық медиакорпорацияға берген сұхбатында Путин хоккей мен тау шаңғысынан бөлек, биатлон, мәнерлеп сырғанауды және шаңғымен секіруді да ұнататынын айтқан.

Фото: putin.kremlin.ru

2021 жылдың қыркүйегінде Путин боксты тастап, күреспен айналыса бастаған кезін еске алды. Боксты тастауына мұрнын сындырып алуы себеп болған. Кремльде олимпиадашы спортшылармен кездескен кезінде үшінші және төртінші жаттығуда жарақаттанып қалғанын айтқан. Оның сөзінше, мұрнын ұстау мүмкін болмаған, бірақ оған қарамастан дәрігерлерге жүгінбеген.


Фото: putin.kremlin.ru

Ресей президенті дзюдо мен самбодан КСРО спорт шебері. Одан бөлек, "Ресейдің самбодан еңбек сіңірген жаттықтырушысы" және Халықаралық жүзу федерациясының ордені бар. Путин көбіне белсенді демалғанды ұнатады екен. Оның ішінде, балық аулау, атпен серуендеу бар.

Ал Әзербайжанның 61 жастағы президенті Ильхам Әлиев дене бітімін бақылауда ұстап жүреді. Ол үшін президент жаттығу жасап тұратын көрінеді. Сондай жаттығулардың бірін Әлиевтің әйелі Мехрибан Әлиева Facebook-те бөліскен болатын.

Тәжікстанның үшінші президенті Эмомали Рахмонның спорттағы жетістіктері туралы "Эмомали Рахмон: здоровье нации - бесценное богатство" атты кітап жазылған. Кітапта Тәжікстан басшысы спорттың бірнеше түрімен айналысатыны, оның ішінде, футболды ұнататыны жазылған. Эмомали Рахмон ұлттық спорт түрлеріне де қызығады. Оның ішінде еркін күрестің бір түрі - гуштингири де бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина