- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мұрны сынған, басында...
"Мұрны сынған, басында жарақаты болды". 3 жасар баласы кәріз құдығына құлап қайтыс болған ана жанайқайын жеткізді
Алматы облысы, Қырбалтабай ауылында 3 жасар бүлдіршін балабақша ауласындағы кәріз құдығына құлап қайтыс болды. Қайғылы оқиға 13 қыркүйек күні сағат 10:00 шамасында болған. Қызметіне салғырт қараған балабақша меңгерушісі балаларды серуеннен кейін ғана түгендепті. Алайда баланың жоғалғанын білгеннен бастап іздеу жұмыстарын бастаған тәрбиешілер бірнеше уақытқа дейін баланы таба алмаған. Марқұмның анасының айтуынша бауыр еті баласы кәріз құдығында 1-2 сағат жатып қалыпты. Massaget.kz тілшісі оқиға орнына барып, мәселенін мән-жайын біліп қайтты.
Қырбалтабайдағы қайғылы жағдай жергілікті жұрттың жағасын ұстатты. Ал бауыр еті баласынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Ақбота Сатқынбаева болған оқиғаға әлі де сенбейді. Айтуынша оқиға орын алған 13 қыркүйекте жолдасы екеуі де жұмыста болыпты. Түске таман қоңырау арқылы баласының ауруханада екенін айтқан. Алғашында кішігірім жарақат деп ойлаған ана ұлының о дүниелік болғанын барған кезде бір-ақ білген.
Марқұмның анасы Ақбота Сатқынбаева
"Балапаным кәріз құдығына түсіп кеткен. Телефон арқылы мән-жайды айтпады. Барғанымда балам демалмай жатыр. Бала кәріз құдығында 1-2 сағат жатып қалған. Себебі ең бірінші ашқанда бала жоқ деп жауып кеткен ғой. "Заңғарды бөжәй жеп кетті" деп кішкентей бала 3 мәрте қайталапты. Үшінші мәрте ашқан кезде бала бетіне шыққан. Мұрны сынған. Басында жарақаты болды. Баламды қайтара алмаймын ғой. Тек салғырттық жасамаса деймін. Өйткені ол жақта менен де басқа балалары бар ата-аналар бар. Кәріз құдығын жапса деймін. Баламды маған ешкім қайтарып бере алмайды", - дейді жанарынан жас тиылмаған марқұмның анасы.
Балабақша басшылығы кәріз құдығы жабық болғанын айтыпты. Заңғардың ата-анасы барған кезде дым болмағандай дәнекерлеп тастапты.
Ал Заңғардың атасы кәріз құдығы жабық болды дегенге сенбейді. Өйткені қақпағын жылжытуға, ашуға немеремнің шамасы келмейді деп налиды. Сондай-ақ балалар ойнайтын жерде орналасқан кәріз құдығының айналысында қауіпсіздік талаптары сақталмаған деп отыр.
Марқұмның атасы Әкімқожа Ынтыбаев
"Аталап шауып жүрген немереңнің өмірден бір-ақ сәтте жоқ болуы жүрегіме қатты батты. Жүрегім қан жылап тұр. Не сұмдық бұл?! Баланы қарап жүрген тәрбиешілердің адамгершіліктері қайда? Қарау керек қой. Қараусыз қалғаннан кейін осындай жағдай болып отыр. Менің немерем қорқақ болатын. Судан қорқады. Ол өзі ашуы мүмкін емес. Қақпағы ашық жатқан ғой. Балабақшадағы кәріз құдығы қоршалып тұру керек. Тілі енді шығып келе жатқан жақсы көретін немерем еді", - дейді марқұмның атасы Әкімқожа Ынтыбаев.
Ал Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің бас маманы Зарина Бөлекбаева аталған оқиғадан кейін балабақша қызметкерлері жұмыстан шығарылғанын жеткізді. Ал кәріз құдығының ашық немесе жабық болғандығы жайлы пікір білдірмеді. Өйткені балабақша маңына орнатылған камераға кәріз құдығының аумағы түспейтін көрінеді. Ал баланың кәріз құдығында 2 сағат жатты деген анасының уәжін жоққа шығарды. 20-25 минуттан кейін тәрбиеленушілер тапты деді.
Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің бас маманы Зарина Бөлекбаева
"Бұл жағдай жұмысына немқұрайлы қарағанының салдарынан болып отыр. Бізге кеше сағат 12:00 шамасында хабар келді. Оқиға 10:00 мен 10:37 минуттың арасында болды. Кәріз құдығының аумағы камераға түспей қалған. Балалар аталған топтың тәрбиешілері мен кіші қызметкерлердің назарынан тыс қалған. Қайғылы оқиғаға тікелей қатысы бар аталған балабақшаның меңгерушісін, тәрбиеші мен кіші қызметкерді бөлім басшысының бұйрығымен жұмыстан босаттық. Ал құдықтың ашық немесе жабық болғаны тергеп-тексеру жұмыстарынан кейін анықталады", - дейді ол.
Ал Қырбалтабай ауылындағы жалғыз мемлекеттік балабақша 2012 жылы 100 балаға арналып салыныпты. Бүгінге дейін мұнда 89 тәрбиеленуші келіп жүрген. Бір топта 25 бала бар. Штат бойынша 2 тәрбиеші жұмыс істейді екен.
Күні кеше, яғни 12 қыркүйек күні ғана 3 жасқа толған Заңғардың көрер жарығының қысқа болғанына жақындары сенбейді әрине. Енді олардың бар талабы қызметіне салғырт қарағандар заң бойынша жауап берсін дейді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов