"Мұражайға өз қолымен тапсырған". Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде Бауыржан Момышұлының қаруы сақталған

"Мұражайға өз қолымен тапсырған". Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде Бауыржан Момышұлының қаруы сақталған
Фото: Автордан

Өмірінің 24 жылын әскери қызметке арнаған полковник Бауыржан Момышұлы қан майданда қасынан тастамаған қаруын Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне 1965 жылы тапсырған екен. Massaget.kz тілшісі музейдегі құнды жәдігердің тарихы туралы бөлім меңгерушісі Жұлдыз Аманқұловадан сұрап-білді.

"Маузер ұзақ жылдан бері біздің музейде сақтаулы тұр. Ең құнды жәдігер саналады. Себебі оны батырдың өзі тапсырған", - дейді маман.

        

Бұл – Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағы берілмеген кез. Ел ұзақ күткен атақ Баукеңе 1990 жылы берілгені белгілі. Халқымыздың қайсар ұлына Кеңес Одағының батыры атағын беру туралы Жарлық 1990 жылдың 11 желтоқсаны күні шыққан. Ал Баукеңнің кеудесіне тағылмаған медальдің нөмері – 11637.

"Бауыржан Момышұлы 1932 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылғаны тарихтан белгілі. 5 жыл соғыста батыр қан майданға 27 рет қол бастап кіріп, 5 рет жау қоршауын бұзып шыққан. Соғыстан кейінгі жылдарда әскери қызмет атқарып, 1956 жылы полковник шенімен отставкаға шыққан. Жерлесіміз әскери қызметте болған жылдары серігі болған маузерін 1965 жылы облыстық музейге тапсырғанын өзінің өсиет хатында жазып қалдырған", - деп түсіндіреді музей қызметкері.

Расында да, жәдігердің құжаттамасында: "Маузер" қаруы даңқты батыр Бауыржан Момышұлына тиесілі. Маузер металл, ағаш және қайыстан жасалған", деп жазылған екен. Ал оның металл бөлігінде "Маузер полковника Бауыржана Момышулы" деген жазуды оқуға болады.

Жұлдыз Аманқұлованың айтуынша, музейге осы маузерді көру үшін арнайы келетіндер көп. Музей қызметкерлері келушілерге қаруды батыр Бауыржан өз қолымен  тапсырғанын айтып таныстырады екен.

А.Сырымбет.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы