АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекетті өзінен бұрын басқарған Джо Байденді тағы да сынға алды. Бұл жолы оған Испанияда өршіп тұрған көші-қон дағдарысы себеп болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Трамптың айтуынша, қазір Испанияда болып жатқан жағдай Байден президент болған тұста АҚШ-та да қайталанған.
"Испанияға ондаған мың заңсыз мигрант ағылып жатыр. Дәл осындай жағдай АҚШ-та "қалғып жүрген" Джо Байден әкімшілігі кезінде болды. Егер "ақымақ демократтар" билікке қайта келсе, мұның соңы бұдан да ауыр болуы мүмкін. Еліміздің күйреуіне жол бермеңіздер, республикашылдарға дауыс беріп, АҚШ-пен мақтаныңыздар", - деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Трамп жазбасына Мароккодан келген мыңдаған заңсыз мигранттың Испания жағалауына теңіз арқылы жаппай ұмтылғаны көрінетін видеоны да тіркеген.
Еске салайық, Мароккомен шекарадағы Испанияның Сеута анклавы кейінгі жылдардағы ең ірі көші-қон дағдарысына тап болды. Құқық қорғау органдары өкілдерінің бағалауынша, бір күннің ішінде қалаға кем дегенде 20 мың заңсыз мигрант кіріп кеткен болуы мүмкін.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz