Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Бұл мемлекеттік сапар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды. Менімен бірге үлкен делегация келді. Бұл бауырлас Әзербайжан еліне жоспарланған осы мемлекеттік сапарға мейлінше тыңғылықты дайындалғанымызды білдіреді. Бүгін біз тиісті құжаттар мен келісімдерге қол қою рәсіміне қатыстық. Ең бастысы, арадағы келісімге сәйкес, екі ел үкіметтері мен басқа да салалық ведомстволар жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның ықпалдастығы достыққа, сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге және ескеруге негізделген мемлекетаралық қатынастың озық үлгісі саналатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жоғары деңгейдегі байланыстардың бәрі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту үшін өте пайдалы. Президент Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысында талқыланған мәселелердің маңыздылығына назар аударды.
"Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл – стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестіктер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады. Сиань портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзербайжанға дейінгі теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл, шын мәнінде, өте маңызды шара. Біз цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін құру, Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлестік. Мұның бәрі – бірегей жобалар", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды.
Қазақстанның мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізгені үшін Әзербайжан тарапына ризашылығын білдірді.
"Біз өз елімізде Әзербайжан мәдениетінің майталмандарын асыға күтеміз. Бұл іс-шараның табысты өтетініне ешқандай күмән жоқ. Өйткені Әзербайжан мәдениетіне деген қызығушылық қашанда жоғары. Турасын айтқанда, Сіздің елдің мәдениетіне Қазақстан халқының ықыласы ерекше. Біз әзербайжан өнер қайраткерлерін құшақ жая қарсы аламыз", - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін айтты.
"БҰҰ, ТМҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, СПЕКА және ТМД сияқты аса маңызды халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымызды айрықша атап өткім келеді. Меніңше, бұл қарым-қатынастың ауқымы кең және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығымыз одан әрі жалғаса береді. Стратегиялық серіктестік тұрғысынан келгенде, мұның да мәні зор", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.
"Транскаспий көлік дәлізі – аймақтық ынтымақтастық деңгейін анықтайтын нақты бағыт. Өйткені көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнатпай, транзиттік елге айналу мүмкін емес. Бұл ретте Қазақстан да, Әзербайжан да өңірлік ынтымақтастыққа, көршілермен қарым-қатынасын нығайтуға бейілді екенін танытып отыр. Біздің арамызды тек Каспий теңізі ғана бөліп жатыр. Алайда бүгінде оның өзі кедергі емес. Керісінше, Каспий тек елдерімізді ғана емес, көптеген мемлекеттердің арасын жалғайтын көпір саналады. Себебі Транскаспий көлік бағыты өзінің әлеуетін толық ашуға кірісті. Бүгін Үкімет мүшелері көптеген мәселе бойынша егжей-тегжейлі баяндама жасады. Өзара ықпалдастық пен бірлескен іс-әрекеттердің нәтижелері, ең бастысы, болашақ жоспарларымыз, шын мәнінде, өте ауқымды", - деді Ильхам Әлиев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!