- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мұндайға жігіттердің де...
"Мұндайға жігіттердің де жүрегі дауаламайды". Ақтөбелік зейнеткер таңғалдырарлық қасиетке ие
Ақтөбе облысы Бадамша ауылында тұратын Бақыткерей Нұрқаев таңғалдырарлық ширақ қозғалыстарымен көпті тәнті етіп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарияның жасы 81-де. Қимыл қозғалысы ширақ, сөзі түзу. Бес мезгіл намазын қаза жібермейді. Оның көпшілікті таңғалдыратын қасиеті - үйдің шатырына шығып, төбесімен тік тұруы. Сексеннен асқан қарт адам түгілі жігіттердің мұндай жаттығуды төбеде тұрып жасауға жүрегі дауаламайды. Ал Бақыткерей қария үшін бұл аса қиын емес.
Ол жастайынан спортқа қызыққан. Ауылда футбол, жүгіру жарыстарынан қалмаған. Мектеп бітірген соң кеңшарда мал баққан. Ат құлағында ойнайды. Қазір де қария үйде отырмайды, үнемі қозғалыста жүреді. Соның арқасында денсаулығы тың.
"Күніне 5-6 шақырым жаяу жүремін. Күнде таңертең 25 рет жаттығу жасаймын. Екі қолымды көтеріп түрлі жаттығу жасаймын. Велосипед тебемін. Үнемі қимыл-қозғалыста жүргенді тәуір көремін. Қозғалу ағзаны сергітіп қана қоймайды, жүйкені нығайтады", - дейді ақсақал.
Бақыткерей қария алғаш шатырға 60 жасқа толғанда шыққан екен. Ол мерейтойын атап өту үшін ағайын-туысын шақырып, той жасаған. Той үстінде келген қонақтар мен құдағиларының көңілін көтеру үшін зейнеткер өз тарапынан "шоу" ұйымдастырған. Ол аяқты жоғары көтеріп, шатыр үстіне тік тұра қалады. Алпыстағы адамнан мұндай өнерді күтпесе керек, қонақтар "түс, құлайсың" деп шулаған. Жетпіс жасқа толғанда да осылай төбеге шығып, қонақтарды тағы да таңғалдырған.
"Құрдастарым қалжыңдап "төбеге қашан шығасың?" дейді. Жақында 81-ге толдым. Төбеге шығып, өзімді тағы сынап көрдім. Аудандағы фотограф Арман деген бала суретке түсіріп алды", - дейді қария.
Бақыткерей ақсақал аудан орталығындағы қарт адамдарға арналған салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығына барады. Сол жерде скандинавиялық таяқшамен жүреді, иога жаттығуын жасайды.
Сексеннен асса да денсаулығы сыр бермеген қария ширақ жүрудің тағы бір сыры дұрыс тамақтану екенін айтты.
"Майлы ет жеп, сорпа ішемін. Бір ішкенде 3-4 кесе сорпа ішемін. Құнары жоқ тамақ бойға қуат бермейді. Қазір оразамын. Күнде ауызашарға шақырады. Ешқайсынан қалмаймын. Қазір жастар аурушаң. Ауру дұрыс тамақтанбаудан, қимыл-қозғалыстың жоқтығынан пайда болады. Жастар жаяу жүрмейді, велосипед теппейді. Қара жұмыс істемейді. Қозғалыс болмаған соң дене шынықпайды", - дейді ол.
Бақыткерей ата зайыбы Әсия екеуі бес қыз екі ұлды тәрбиелеп өсірген. Осыдан жеті жыл бұрын жары өмірден өткен.
"Аллаға шүкір, немере, шөберелерім бар. Балаларымның амандығын тілеп, осылай жүріп жатырмын", - деп сөзін түйіндеді ол.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова