Мұндай қадаммен Ұлттық қорға $100 млрд жинау мүмкін емес - Сабильянов

Мұндай қадаммен Ұлттық қорға $100 млрд жинау мүмкін емес - Сабильянов
Фото: Depositphotos_552362898_XL.jpg

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың пайымдауынша, Үкіметтің Президенттің Ұлттық қорға 2030 жылға дейін 100 млрд доллар қаражат жинауға қатысты тапсырмасын орындауы екіталай. Бұл туралы ол Massaget.kz тілшісіне сұхбат берген кезде айтты. 

Үкімет алдағы үш жылға арналған бюджетті Ұлттық қордан трансферт алу арқылы жоспарлап отыр - жыл сайын 2 трлн тенге. Одан бөлек, нысаналы мақсаттарға 3,2 трлн теңге бекітілген. Депутаттың пайымдауынша, мұндай әрекетке баруға Үкімет мәжбүр. Өйткені биылғы республикалық бюджеттің түсімінен шығыны көп. Нұртай Сабильянов мырза мұндай қарқынмен Ұлттық қордың бүйірін толтыру мүмкін емес деп есептейді.

"Әрине, Ұлттық қордан ақша алған дұрыс емес. Бірақ біздің жағдай осы болып отыр. Өйткені қаражат жетпей жатыр. Кезінде квазимемлекеттік секторлар шетелден қарыз алды. Сыртқы қарыздың пайызын жабуға 2,5 трлн теңге, 3 трлн теңгеден аса қаражат жұмсалады. Нақты осы қадаммен жүре берсе, 100 млрд-қа жеткізе алмайды", - дейді ол.

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша?

 Қазақстан Ұлттық Банкінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елдің сыртқы қарызы 166,6 миллиард АҚШ долларына жетіп, жыл басынан бері 3 миллиард долларға өскен.

Мемлекеттік сыртқы қарыз: 12,9 миллиард АҚШ доллары.

Мемлекет бақылайтын банктер мен ұйымдардың сыртқы қарызы: 16,7 миллиард АҚШ доллары.

Жекеменшік сектордың сыртқы қарызы: 137,0 миллиард АҚШ доллары.

Осылайша, сыртқы қарыздың негізгі бөлігі жекеменшік секторға тиесілі, оның ішінде "Қашаған", "Теңізшевройл" және "Қарашығанақ" сияқты ірі халықаралық жобаларға байланысты фирмааралық қарыздар бар.

Қазақстанның негізгі кредиторлары:

Нидерланд: 42,5 миллиард АҚШ доллары.

Ұлыбритания: 14 миллиард АҚШ доллары.

Халықаралық ұйымдар: 13 миллиард АҚШ доллары.

Ресей: 12,5 миллиард АҚШ доллары.

АҚШ: 11,3 миллиард АҚШ доллары.

Франция: 11,2 миллиард АҚШ доллары.

Бермуд аралдары: 9,4 миллиард АҚШ доллары.

Қытай: 9,2 миллиард АҚШ доллары.

Жапония: 4,9 миллиард АҚШ доллары.

БАӘ: 3,6 миллиард АҚШ доллары.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

E. Aitkazina