Ақтөбеде науқасқа боранға қарамастан үш шақырым жаяу жүріп барған медицина қызметкері оқиға қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Аға фельдшер Сая Рысбаева оқиға қалай болғанын айтып берді.
"Оқиға Ақтөбе облысы Хромтау қаласында болған. Бізге диспетчерден екінші дәрежелі жүрек тұсымен ауырсынады деп шақырту түсті. Біз науқастың телефонын алып, хабарластық. Ауа райының қолайсыздығына байланысты мән-жайды түсіндіріп айтып, жедел жәрдем бригадасы кешігіп келетінін айттық. Жарты жолға дейін жедел жәрдем көлігімен барып, ары қарай қарды кешіп баруға тура келді. Өте қиын болды. Бірақ қасымда екі ер азаматтың арқасында, мені қыз бала деп сыйлап, алдымнан жол ашып, шақыртуға жеттік. Науқастар жақсы қарсы алды. Ауруханаға тасымалдайтын диагноз болған жоқ. Үйінде кеңес алып, қалды", - дейді Сая Рысбаева.
Ол мұндай жағдайлар көп болып тұратынын айтады.
"Иә, Хромтауда мұндай жағдайлар жиі болады. Видеоны негізі әлеуметтік желіге салмадық. Мақсатымыз жұмысымызды көрсету емес, диспетчерге шамамен жету уақытын жіберу болған еді", - дейді Сая.
Медицина қызметкерлерінің еңбегін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да атап өтті.
"Кез келген ауа-райында, аяз бен боранда, жол жоқ жерде жедел жәрдем бригадалары төтенше жағдайларға қарамастан адамдардың өмірін сақтап қалу қажет миллиондаған шақыртуға қызмет көрсетеді. Осындай батырлардың қатарында – Хромтау ауданының жедел жәрдем фельдшерлері Құдияров Бауыржан Сұлтанханұлы, Тілеу Қайрат Берікұлы, Рысбай Сая Ыбырайқызы бар. Олар қар құрсауына қарамастан жүрек ұстамасымен ауыратын науқасқа жетіп, өздерінің асыл кәсібіне адалдықтары мен күш-жігерлерін танытты.
Дәрігерлердің айтуынша, сол жерде кардиограмма жасалып, ұсынымдар берілді, сәтін салғанда пациент емдеуге жатқызуды қажет етпеді. Денсаулық сақтау министрлігі Хромтау ауданының жедел жәрдем бригадасы фельдшерлерінің қажырлы еңбегін атап өтеді. Әртүрлі қиындықтарды жеңе отырып, науқастардың өмірін сақтап қалатын барлық медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз", - дейді министр.
Еске салайық, боранда далада жүрген медицина қызметкерлері Желіні тәнті еткен болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!