Әнші Марат Омаров жақында Голливудтық экшн-жанрында алғаш рет фильмге түскен еді. Туындынының тұсауы кесіліп, үлкен экранға жол тартты. Өнер иесі Massaget.kz тілшісіне фильмдегі алғашқы дебюті қалай өткені, шетелдік режиссерлерден алған ұсынысы туралы баяндады.
"Ойламаған жерден болды"
Марат Омаровтың айтуынша, ұсыныс аяқ астынан түскен.
"Бұл өзі ойламаған жерден болды. Алпыстан ассақ та, "жақсыны көру кеш емес" деген рас екен. Алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Кезінде Төлеген Момбеков күйшіні үйге шақырып, ата-анам: "Төлеген, айналайын, сен Созақтан болсаң да, Алатауға дейін шығып жатқан шертпе күйдің шеберісің. Сол сияқты менде де әуенді Алатауға дейін жеткізетін ұрпақтар болса" деп армандады. Әкемнің арманын орындап, алғаш әке мен ана туралы әнім қатар шыққан еді. Сол кісілердің батасынан шығар, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы кезінде арнайы осында іс-шарамен келіп, 20 қаланы аралап шықтым. Арнайы диаспораларда концерт беріп, тек қана өз әндеріммен шұғылданып жүрген кезде осы ұсыныс түсті", деді ол.
Ол Голливудқа басқа жоспарларымен келген.
"Кіші қызым Бибімариям New York Film Academy -ге оқуға түсіп, Голливудқа көшіп келдік. Бір жағынан киноға түсуді армандадым. Неге екенін білмеймін, болмысым көңілді болғандықтан, сондай бағыттағы фильмдерге түсемін деп ойлайтынмын. Әрі әндерім де сол бағытта ғой. Алпауыт, әлемге әйгілі Central Casting компаниясы киноға түсуге ұсыныс жасады. Тілді білмесек те бауырлардың ықпалымен байқап көруге шешім қабылдадым. Компания басшыларымен орысша-ағылшынша сөйлестік. Олар маған "типажыңыз экшн-криминал фильмге келіп тұр, сізді жан-жақты зерттеп, әлеуметтік желідегі парақшаларыңызды да қарап шықтық, осы фильмге барлық жағынан сәйкес келіп тұрсыз, рұқсатыңызды бересіз бе?" деп кездесуге шақырды", - деді ол.
"Сценарийге өзгеріс енгіздім"
Өнер иесі фильмнің сценарийіне өзгеріс енгізгенін айтты.
"Экшн-фильм, криминалдық деген соң мен үшін өзгеше жанр болды. Туындыда Мексикадан Америкаға қоныс аударушылардың шоғыры, олардың көрген қиыншылықтары, оқиғалары баяндалады. Атауы "Малена" деп аталады. Фильмде Мексикадағы мафиялардың күзетшісі рөлін сомдаймын. Алғашқыда сценарийді оқыған соң олардан "фильмде мені атпай ма?" деп сұрадым. "Ондай болмайды, керісінше сіз біреуді өлтіресіз" деді. Сосын "сценарийді өзгертуге бола ма, өлтірмей-ақ тек ұрып-соқсам қалай болады, сондай рөл болса барар едім" дедім. Сөйтіп, режиссерлер сценарийді мен үшін өзгертті", - деді ол.
Жақында тұсауы кесілген фильм 3 аптаға жуық түсірілген.
"Кино жабайы орманда таңнан кешке дейін түсірілді. Орман ішінде арнайы коттеджде актерларға барлық жағдай жасалды. Өнер иесіне деген қарым-қатынастары өте жақсы. Керемет әсер алдым. Бізді таңертең 6:30-да алып кетіп, кешкі 12:00-де әкеледі. Фильм 3 аптаға жуық түсірілді. Түсірілім жұмыстары біткен соң келісім-шартқа сай төлемақымызды алдық", - деді әнші.
"Фильмге арнайы ән жаздым"
Әншінің айтуынша, фильмге арнайы ән де жазылған.
"Түсірілім тобы образға тез енетінімді жақсы көріп, қызықты. Актерлардың ішіндегі жалғыз қазақ болдым. Сондай-ақ, осы фильмге музыка жазамын деп үлгере алмай қалдым. Дегенмен ән жазылды. Өзім Шәмші ағамыздан бата алғаннан кейін бе, шабыттансам, ән шығарғым келіп тұрады. Алдағы уақытта "Малена" деген әнді де тыңдап қалуларыңыз мүмкін", - деді ол.
Сондай-ақ, тағы да киноға ұсыныс алған.
"Киноның продюсері мені мақтап, тағы да фильмге түсуге ұсыныс берді. Бұйырса оны да көресіздер деген ойдамын. Әзірге құпия түрде қала берсін", - деді ол.
"Бала күнгі арманым орындалды"
Марат Омаров кезінде Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына актерлік мамандығына тапсырып, бір жыл оқыған.
"Одан кейін музыкалық факультетке ауысып кеттім. Себебі біз оқып жүргенде фильмге түсуге рұқсат етпейтін. Группаласым Жан Байжанбаевқа әр фильмге түскен сайын "оқудан шығарылдың" деп айтатын. Әйтеуір ол сондай қиындықпен бітіріп шықты. Сол үшін мен бір жылдан соң ауысып кеттім. Бала кезімде "Қыз Жібек" фильмін көріп, "Төлеген не Бекежан боламын" дейтінмін. Сол арманым осы жақта орындалып жатыр", - деді ол.
Әнші бұған дейін Қазақстанда бірнеше фильмдерге түскен.
"Голливудта мұндай жанрдағы фильмге алғаш рет түсіп отырмын. Түсірілімде қызықтар көп болды. Ағылшынша эмоция беру керек кездерде образға кіру үшін қазақша айтатынмын. Киноны көрген әріптестерім "жақсы образ бердіңіз, Марат аға, керемет" деп жатыр. Фильм ағылшын-мексикан тілінде түсірілді", - деді өнер иесі.
"Ағылшын тілін үйреніп жатырмын"
Оның айтуынша, мектеп кезінде неміс тілін оқығандықтан, ағылшын тілін енді үйреніп жатыр.
"Қызымның арқасында ағылшын тілін оқып, үйреніп жатырмыз. Үйренгеніміз бойынша әндердің бәрін ағылшынша аудардық. Қазір араласатын ортамыз да басқа болғандықтан, әрекет жасап жатырмыз. Әлі де үйренеріміз көп", - деді әнші.
Өнер иесі Қазақстанға қашан қайтатынын да айтты.
"Үлкен компаниямен келісім-шартқа отырып, осындағы мықты әрі болашағынан үміт күтуге болатын мамандарға берілетін талант визаға өтініш бердім. Қазір грин карта күтіп отырмыз. Соны алған соң елге қайтамыз", - деді ол.
"Жеке студиямды аштым"
Өнер иесі жақында жеке студиясын ашып, шәкірт тәрбиелеп жатқанын айтты.
"Жалпы қандай орта болса, соған бейімделесің. Ыңғайлы өміріңнен шығып, мұндай жерге келу қиын екені рас. Бірақ қиындықты жеңіп шығу керек. Жақында Лос-Анжелестен өзімнің студиямды аштым. Мұнда ән айтудан бастап, түрлі аспаптарды үйрену сабақтары бар. Огойо штатытан келген Махаббат есімді шәкіртім бар. Бұған дейін микрофон ұстамаған. Ата-анасының қалауымен шәкірттікке алдым. 15 жасында алғаш рет микрофон ұстаған ол бастапқыда қобалжыды, ал үшінші күні ашылып, үйреніп кетті. Махаббатқа бар білген тәжірибемді көрсеткен едім. Он күннің ішінде керемет өзгеріс болды. Өзі де, ата-анасы да риза болып кетті", - деді ол.
Сонымен қатар, ол шетелдегі әріптестермен де тығыз шығармашылық байланыста екенін атап өтті.
"Лос-Анжелесте әріптестерім өте көп. Қай салада болмасын, бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жақта әндер көбіне рок, блюз жанрында болғандықтан, менің "Қыз сыны", "Анашым" әндерін ұнатып жатыр. Американың ноталарының жазылуы басқаша. Соларға қарай өңдеп, жаздырып қойдық. Әрі қарай да жұмыстар жалғасады. Күні кеше америкалық танымал үлкен әншінің ұрпағы, атын айтпай-ақ қояйын, "Анашым" әнін естіп таңғалды. Алдағы уақытта да бұл жаңалықты естіп қаласыздар", - деді әнші.
"Мақсатым - достық көпірін салу"
Марат Омаров спортпен айналысқанды жақсы көретінін атап өтті.
"Спортпен айналысқанды жақсы көремін. Күнделікті өмірім таңғы астан соң фитнеске, тенниске барумен жалғасады. Сосын тіл үйрену сабағына барамын. Әндерді аударып, содан шабыт аламын.
Әнші алдағы уақыттағы жоспарларымен де бөлісті.
"Бұл жақта қыс болмағандықтан 24 сағат жұмыс істей беруге болады. Жақсылықтың жаршысы болатындай әндер шығарсам деген арманым бар. Негізгі мақсат - Қазақстан мен Америка арасында достық көпірін салу. Осы мақсатта бірнеше әндер шығардым", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін "Қазақтың Джеки Чаны болуды нәсіп етсін". Марат Омаров голливудтық фильмге түсіп жатқаны туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Тоңазытқыштағы иісті қалай кетіруге болады?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!