- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мұндай енелерден қашу...
"Мұндай енелерден қашу керек". Келіннің ақшасын енесі ұстауы туралы қазақстандықтар не дейді?
Ене мен келін қарым-қатынасы қай кезде де өзекті тақырыптардың бірі. Әсіресе алғашқы жылдары бір-бірін түсінбеу деген секілді келеңсіздіктер болып тұруы мүмкін. Одан бөлек, ене мен келіннің арасында ақша мәселесі де өзекті бола бастаған. Ененің келінінің ақшасына таласуы дұрыс па? Massaget.kz тілшісі сауалнама жасап, осы мәселе басынан өткен келіндермен сөйлесіп көрді.
Енесі келінінің карточкасын тартып алатын жағдайлар болған. Бұл туралы блогер Дәулет Мұқаев АйнаLine бағдарламасында айтқан болатын.
"Маған көптеген хат келеді. Олардың арасында мұғалімдер мен басқа саланың мамандары бар. Көпшілігі енесімен тұрады. Енелері картасын тартып алып, құпиясөзін сұрап, келіннің ақшасын өзі жаратады. Бірінші кезекте, мұндай енелерден қашу керек. Ажырас деп айтпаймын, бірақ бөлек тұру керек. Әр адамның өз шекарасы, өз аймағы болуы қажет. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстан бір-бірінің шекарасына кіріп кетсе не болады? Соғыс болады. Сол сияқты, отбасында осындай жағдайлар болады", - деді Дәулет.
Әрине, мәселе біржақты болмауы мақсатында осындай оқиға басынан өткен келіндермен сөйлесіп көрдік. Айта кетейік, екі кейіпкеріміз де аты-жөнін жасыруды сұрады. Екі кейіпкеріміз де Алматыға келін болып түскен.
Мәдина бес жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Бүгінде жолдасы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Бойдақ кезінде Мәдина банк саласында қызмет атқарған. Айлығы 400 мыңның көлемінде болған.
"Тұңғышымды босанарға дейін және кейін алатын төлем қомақты шықты. Ол кезде күйеуім де, енем де ол ақшаны сұраған емес. Баламды босанғаннан кейін баланың және өзімнің керегіме жараттым. Бірақ сол ақшаны да сұрап алатын енелер бар екенін білемін. Құдайға шүкір, енеммен ақша жайында араздасқан емеспіз. Керісінше, енем зейнетте болса да арасында зейнетақысынан немерелеріме деп керек-жарағын алып беріп тұрады. Күйеуім де, енем де менің ақшама дәметкен емес. Себебі мен онсыз да үйде екенімді, ай сайынғы төлем өзімнен артылмайтынын жақсы түсінетіндерін айтқан болатын. Әр адамның санасына байланысты деп ойлаймын. Маған сондай алтын ене бұйырған екен", - дейді Мәдина.
Кейіпкерге қатысы жоқ көрнекі сурет. Фото: anabol.kz
Ал екінші кейіпкеріміз Айсұлудың оқиғасы басқаша. Оның айтуынша, бастапқыда енесі мен атасы оның босанғанға дейін және кейін алған 800 мыңдай ақшасын "сұрап" алған. Айсұлудың оны тырнақшаға алып айту себебі де жоқ емес: ата-енесі ол ақшаны қайтарамыз деген екен.
"Сондағысы атамның көлігінің бөлшектерін сатып алу үшін қажет болды. Егер үйге қажет зат алатын болса түсінер едім. Себебі өзім де сол үйде тұрып, бірге өмір сүріп жүрген адаммын. Бастапқыда көліктің бөлшектеріне керек екенін айтпаған болатын. Сондықтан біртүрлі болып қалдым", - дейді Айсұлу.
Одан бөлек, Айсұлу қызын босанғаннан кейін түсетін ай сайынғы төлемнен енесі 20 мыңнан сұрап отыруды әдетке айналдырған екен.
"Өзім 90 мыңдай аламын. Оның 20 мыңын берсем, 70 мыңы баланың, өзімнің керек-жарағыма жетпей жатады. Тек өзіме емес, арасында әйел адам болғаннан кейін үйге қажет заттарды да алғың келіп тұрады. Ары тартсаң ары, бері тартсаң бері жетпей кетті. Бір күні карточкамды сұрай бастады. Неге екенін сұрасам "ақшаңды шығарып әкеліп беремін" деді. Жақсы дедім. Бірақ артынша құпиясөзді біліп алғаннан кейін "картаң менде бола берсін" деп айта бастады. Мен оған қарсы екенімді, картам өзімде болуы керегін ақырын жеткіздім. Енем түсінгендей болды. Шаңырақ шайқалмауы үшін, отбасымның берекесі үшін 20 мыңнан беріп тұрамын. Бірақ екеуінің зейнетақылары бола тұра неге сұрайтынын әлі күнге дейін түсінбеймін", - деп әңгімеледі Айсұлу.
Massaget.kz ақпараттық порталы Instagram-парақшасында осы мәселеге қатысты сауалнама жүргізген болатын. Парақша оқырмандарына "Енесі келіннің карточкасын тартып алып, ақшаны өзі ұстағаны дұрыс па?" деген бір ғана сұрақ қойылды.
Сауалнаманы көрген 2 мыңға жуық адамның 594-і "жоқ" деген жауапты таңдаған. Бұл - сауалнамаға қатысқандардың 94 пайызы. Ал 6 пайызы, яғни 38 адам "иә" дұрыс деген жауапты таңдаған.
Айта кетейік, "иә" деп жауап берген 38 адамның 28-і ер адам, қалғаны әйелдер екен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина