Қарағандылық Үндістанда күйеуінен зорлық көріп жүргенін айтып шағымданды. Бұл туралы қоғам белсендісі, "НеМолчиKZ" қорының президенті Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қорға жүгінген қарағандылық бүгінде Үндістандағы Калькутта қаласында тұрып жатыр. Оның 10, 3 және 1 жастағы балалары бар.
"Бұл жерден кетуге көмектесіңіздерші, өтінемін, көмектесіңіздер", - деген ол.
Қор мәліметінше, күйеуі оны 4 жыл бойы соққыға жығып, тұншықтырған, тіпті астан шектеп, отбасына көмектеспей, ішімдікке салынған. Сондай-ақ, оларға ешкімді кіргізбей, оларды да ешқайда шығармаған. Қызына оқуға мүмкіндік бермей, оған да шабуыл жасаған. Қорқытып, есіктерді сындырып, әйелдің бар жинағын алып кеткен.
Әйел қорға бастысы Үндістаннан кету екенін айтқан. Оның сөзінше, кішкентай баласында виза жоқ, ал үлкенінің виза режимі бұзылған.
"Мұнда өлгім келмейді, балаларыммен бірге жарқын болашағымыз болғанын қалаймын. Балалар оның маған шабуыл жасағанын, тамақ пен түрлі заттарды лақтыратынын көріп өсіп жатыр", - дейді ол.
Әйел қорға күйеуі үйленгенге дейін өзін қалыпты адам ретінде ұстағанын жеткізген.
"Сонда оған ешкім көмектесе алмай ма? Ол - біздің азаматымыз. Мұндай қиын жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Бұл жерде Мемлекеттен мықты қолдау керек. ...Әрі қарай ол оны өлтіреді. Ал біз оны жаңалықтан оқып отырамыз!" - деп жазған Дина Таңсәрі.
Қор Сыртқы істер министрлігінен, адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссиядан, Үндістандағы Қазақстан елшілігінен, т.б. жауапты органдардан осы іске араласып, көмектесуді сұрайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!