Түркістан облысында жастардың тең жартысы жұмыс іздеп Кореяға немесе Ресейге кетеді. 90-жылдардың тоқырауынан басталған бұл "көш" әлі толастамаған. Кореяда айына қанша табыс табуға болады? Онда шетелдіктерге қандай жұмыс түрлері ұсынылады? Massaget.kz тілшісінің бұл сауалдарына Кореяда алты жылдан бері тұрып жатқан түркістандық Ролан Мейірбеков жауап берді.
"Жалақы 500 мың теңгеден басталады"
Роланның сөзінше, шетел асудың бір себебі - қаржы мәселесі. Ал Кореяға барған қазақстандықтар көбіне құрылыста, зауытта, егінде жұмыс істейді екен.
"Кореяға ешкім жетіскеннен келмейді, ақшадан қатты тарыққандарға бұл - кәдімгідей тығырықтан шығатын жол. Біздің қазақтар мұнда құрылыста, зауытта, егістікте, қыздар жағы асханада жұмыс істейді. Қыздардың айлығы ең кемі 500 мыңнан басталады, асхана жағындағы жеңіл-желпі жұмыс. Одан кейін зауыттар мен егістіктер бар, оларда күн-түн демей жұмыс істесең, айына 1 миллионға дейін табыс табуға болады", - деп жауап берді ол.
Кореяда жұмыстың ауырлығына байланысты айлық төленеді екен.
"Мұнда ақша ең көп төленетін жер - құрылыс саласы. Қыздар-жігіттер деп неге бөліп отырмын, себебі Кореяда ақшаны жұмыстың ауырлығына қарай төлейді. Яғни, мұнда адамның денсаулығына салмақ түсіретін, қаупі мол жұмыстарға ақысын екі-үш есе жоғары төлейді. Жігіттердің жалақысы шамамен 700 мыңнан басталып, 1,5 миллион теңгеге дейін барады", - деді түркістандық.
"Кеденнен өте алмай кері қайтатындар бар"
Ол Кореяға бару үшін қандай құжаттар қажет екенін айтты.
"Қазақстаннан келетін адамдардан қазір төлқұжат пен K-ETA (рұқсат - еск.) қажет. Мен 2017 жылы келген кезде ондай ештеңе керек емес еді, тек қалтада артық 500 мыңдай ақша болса, өткізе беретін. Өйткені мұнда келгендер өздерін турист деп таныстырады. Ал қазір қайтар билетіңіздің ақшасынан бөлек 2-3 мың долларыңыз болуы шарт", - деді ол.
Сондай-ақ, корей тілін білмесе де ағылшын тілін меңгерсе, көп көмегі болады екен.
"Кореяға келетіндер көбіне осы жақтағы жора-жолдас, туыстарына иек артады. Қазақстаннан тіл үйреніп келу шарт емес, ағылшын тілін білсе болды. Кеденде біздің корей тілін білмейтінімізді ескеріп, ағылшынша "не үшін келдің?", "қашан қайтасың?" деген 1-2 сұрақ қояды. Соған мүдірмей жауап берсең, ешқандай кедергісіз өткізеді. Кейде Қазақстаннан 1-2 миллион несие алып, осында жұмыс істеуге келіп, бірақ кедендегі сұрақтарға жауап бере алмай, кері қайтатындар бар", - деді ол.
"Күніне 10 сөзден жаттадым"
Түркістан тумасы корей тілін қалай үйренгенін әңгімеледі.
"2017 жылы осында келгенімде менің бірде-бір танысым болған жоқ. Осы жаққа келген соң қазақтарды тауып алып, телефон арқылы байланысып, олар "осындай жұмыс бар" деп тартып, солай тұрып кеттім. Бірақ тіл білмегеннен кейін бастапқы жылдары қиын болды, күндік табысымыз да аз болды", - дейді Ролан Мейірбеков.
Қазір ол 30-40 пайыз корей тілін біледі.
"Келген күннен бастап өзіме әр күні корей тілінде 10 сөзден жаттаймын деп серт бердім. Қасымдағы достарым, қызметте бірге істейтін әріптестерімнен бір-бір сөзден болсын үйреніп, солайша жарты жылда корей тілін орташа деңгейде меңгеріп алдым. Содан бері де бірақ ол әдетімді тоқтатқаным жоқ, тек күніне 2-3 сөзге өттім. Тілді үйреніп, жұмыстың да қыр-сырын меңгерген соң табысым да еселенді. Қазір корейлердің өзімен еркін сөйлесемін. Шамамен тілді меңгеруімді 30-40 пайыз деп бағалауға болады", - дейді ол.
"Лашықта тұрған кездеріміз болды"
Алғашында ештеңе оңай болмапты. Осылайша, Ролан да лашықта тұруға мәжбүр болыпты.
"Жас кезімізде бәріміз киноларын көріп өскен соң ба, Корея десе әдемі үйлер мен керемет ғимараттарды елесететтік қой. Бірақ шынымды айтайын, лашықта тұру дегеннің не екенін алғаш осы жаққа келгенде білдім. Ол кезде өзіміз Кореяға жаңа келген, жұмысқа да орналасып үлгермеген кезіміз, ақша үнемдеу керек болды. Әрине, ондай кезде керемет үйді саған кім дайындап тұрсын?!" - деді ол.
Оның сөзінше, пәтер бағасы 120 мың 200 мың теңге аралығында екен.
"Бұл жақта қазақтар ең көп шоғырланған жерлер - Инчон, Ансан, Тесо, Ичон, Асан қалалары. Ондағы үйдің ақысы Қазақстанның теңгесіне шаққанда шамамен 120 мың теңгеден басталады, 200 мыңға дейін барады. Бұл - бір бөлмелі үйді жалдау ақысы. Кореяға келгенде алғаш сондай қиындықты көрген адам, біріншіден, шыңдалады, әр тиынның бағасын біледі, екіншіден, кейін байығанда да кеудесіне нан пісіп кетпейді. Бірақ мұнда құрылыс компаниясы, зауыттар секілді баспанамен қамтамасыз ететін жұмыс орындары да бар", - дейді Ролан.
"Жалданып жүріп үй алған талай қазақты білемін".
Кореяға барғандар қызу еңбекке бірден араласып кетеді екен. Тіпті арасында күнделікті жұмыс істейтіндер де болады.
"Арбайт деген жер бар... Бұл - күнделікті жұмысқа жалданып, ақша табатын жер. Алайда кәдімгі ресми кеңсесі бар, сол жерге әркім өз еркімен барады, ешкім қинамайды. Ол жерде сізді асханаға, құрылысқа немесе егістікке, яғни, кез келген жұмысқа жіберуі мүмкін, соған дайын болуыңыз керек. Бірақ күндік ақысы - 30-40 мың теңге. Осындай күнделікті жұмысқа жалданып жүріп, Қазақстаннан үй алып, жағдайын жасап алған талай қазақты білемін өз басым", - дейді ол.
"Ұйымшылмыз"
Алайда өмірде түрлі жағдай болатыны шындық. Кейбіреулер Кореяға жұмыс іздеп келіп, табытпен қайтатын да жағдайлар болады екен.
"Мен келгелі де Кореяға қанша адам нәпақа табамын деп келіп, еліне табытпен қайтты. Бәрі де бірақ Алланың қалауымен ғой. Бұрын көп ести бермейтінбіз ондай жағдайларды, себебі әлеуметтік желі соншалық қатты дами қоймаған еді. Ал қазір WhatsApp, Instagram-да топтар бар, сол арқылы біз арамыздан біреуге бір нәрсе болып қалса біліп, қажет болса ортадан қаражат жинап береміз. Біреу осы жақта көз жұмса, елге оның денесін қайтару үшін жоқ дегенде 3-3,5 миллион қаражат қажет болады. Ол ақшаны отбасы тауып бере алмайды, сондықтан осы Кореядағы қазақтар қолымыздан келгенше жинап береміз, осылайша, елге ұшақпен денесі қайтарылып жатқандар бар", - дейді ол.
Бірақ Кореяға барып өмірлік жартысын кездестіріп, отбасылы болғандар да бар екен.
"Достарым, таныстарымның арасында осында келіп, шаңырақ көтеріп жатқандары да бар. Олар Қазақстанға қайтайын десе, мұндай табыс таба алмайды. Соған көзі жеткеннен кейін осы жақта өзінің екінші жартысын тауып, үйленіп жатады. Кейбіреулер екі жыл, кейбіреулер 5 жыл, енді біреулері он жыл жұмыс істеп, жағдайларын жасап алады. Содан кейін Қазақстанға қайтады. Осы жақта нәрестелі болып жатқандар да бар. Бірақ көп адам заңсыз жүргеннен кейін әйелін перзентханаға жатқызуы машақат және көп ақша қажет. Сондықтан көбіне ол адамдар төлей алмай, бізден көмек сұрайды. Отандасымызға ортадан қаражат жиып береміз. Яғни, біз өмірге адам келсе де, өмірден біреу озса да, ортақтасып, көмек беріп отырамыз. Айтпағым, Кореядағы қазақтар өте ұйымшыл", - деді ол.
"Медицина қымбат"
Корея медицинасы дамыған ел болғанымен, мұнда денсаулық сақтау саласындағы қызмет қымбат.
"Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ ауыра қалған жайдайда, бұл жақтың медицинасы өте қымбат. Жай ғана бір тісті емдетіп, бітеме салдырудың өзі бұл жақта 100 мың теңгенің жобасы болады. Сондықтан мүмкіндігінше аурудың алдын алып, жатып қалмауға тырысамыз. Жұмыста, құрылыста биіктен құлап, денесін жарақаттап алса, белін ауыртып алса, қолын кесіп кетсе деген секілді жазатайым жағдай болса, жұмыс беруші барлық шығынын көтеріп, ауруханаға апарып емдетеді. Қалыпқа келгенше күн көрісіне жететіндей қосымша ақша береді. Бірақ ол адамға байланысты, яғни, ол адам өз құқығын біліп, талап етсе ғана орындайды, болмаса олар да жуас адамды біледі. Жауапкершіліктен жалтарып кететіндер де бар", - дейді Ролан бұл туралы.
"Өкінетін нәрсем - ..."
6 жылдан бері шетелде жүрген Ролан өкініші барын да жасырмады.
"Бір өкінетін нәрсем - елімізге бар күш-жігерімізді салып еңбек ететін осындай қайнап тұрған жастық шағымыздың бөтен ел, бөтен жерде өтіп жатқаны. Мұнда ешкім жетіскеннен келіп жатқан жоқ, нәпақа табу үшін жүр, елден безіп, жерден безіп. Өз елімізде тым құрыса айына 500 мың айлық беретін жұмыс болса, мұнда келіп неміз бар? Алған айлығымыз-шайлығымызға да жетпеген соң шекара асуға мәжбүр болдық осылай. Мұнда лек-легімен келіп жатқан, шекарадан өте алмай қайтып жатқан, келуді аңсап жүрген жастарда есеп жоқ. Күнде қанша адам жекемізге шығып, келудің жолдарын сұрайды. Себебі жақсы табыс тауып, тезірек қарыздан құтылып, үй алғысы келеді. Сондықтан шетелге кетіп жатқандарды жазғырудың, айыптаудың қажеті жоқ. Өйткені мұнда оларды жайлы өмір күтіп тұрған жоқ. Әбден қиындықтардан өткен соң жақсы жалақы мен жайлы өмірге жетеді... Ең дұрысы, еліміз жалақыны жақсартса, жұмыс орындарын көбейтсе... Бәлкім сонда елден шырақ жүргендер Отанына оралып, өз елінде алаңсыз өмір сүрер ме еді..." - деп түйіндеді ол.
Мәриям Әбсаттар
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!