Мұнайшы, тіс дәрігері, оқушы: Ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтар туралы не белгілі?

Мұнайшы, тіс дәрігері, оқушы: Ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтар туралы не белгілі?
Фото: depositphotos.com / soosjozsef

Ақтауға құлаған ұшақ апатынан қаза тапқандар арасында 6 қазақстандық бар. Massaget.kz тілшісі марқұмдар туралы не белгілі екеніне шолу жасады.

Сәлима Жутаева - қостанайлық тіс дәрігері

Қостанай облысының тумасы Сәлима Жутаева 1995 жылы дүниеге келген, 29 жаста болған. Ол Қостанайда стоматолог болып жұмыс істеген. Сәлима Жутаева трагедиядан үш күн бұрын Instagram парақшасында әзербайжан тілінде "Сен жаңбырдағы күн сияқтысың" деп жазба жариялаған.

Сәлима Жутаеваның парақшасында оның стоматолог екені және саяхаттауды ұнататыны жазылған. Сондай-ақ Қостанай мен Грозный қалалары көрсетілген. Қыздың парақшасында кәсіби жұмысын көрсететін көптеген сурет бар.

Гауһар Шаймерденова - Астана тұрғыны

Ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі - Гауһар Жұмағатқызы Шаймерденова. Ол 1975 жылы дүниеге келген, Алматының тумасы. Астанада тұрған.

Гауһар Шаймерденова нотариус болып жұмыс істеген. БАҚ мәліметінше, марқұмның артында бір ұлы қалған. Жақындары оның өте мейірімді, қамқор, ұқыпты, шынайы жан болғанын, саяхаттауды жақсы көргенін айтады. Ол бұл ұшаққа кенже ұлымен бірге отырған.

Эльдар Жұмағат - 11 жастағы оқушы

Эльдар Жұмағат - Гауһар Шаймерденованың ұлы. Ол 2013 жылы дүниеге келген, 11 жаста болған. Астана тұрғыны. Мұғалімдердің айтуынша, Эльдар дарынды, мейірімді әрі еңбекқор бала болған.

Сәндібек Төлесіновтің артында БАҚ мәліметінше, 4 баласы қалды

Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі - Сәндібек Төлесінов. Ол 1988 жылы дүниеге келген, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тумасы.

Сәндібек Төлесінов "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның мердігер ұйымы "МұнайФилдСервис" ЖШС механикалық-энергетикалық бөлімінің инженері болып жұмыс істеген. Компания мәліметінше, марқұм бұл салада 16 жыл еңбек еткен.

БАҚ пен әлеуметтік желіде марқұмның артында жұбайы және 4 баласы қалғаны туралы ақпарат тарады.

Бауыржан Жұмағұлов - БАҚ мәліметінше, көпбалалы әке

Ұшақ апатынан қаза тапқандардың арасында Маңғыстау облысының тағы бір тумасы бар. Ол - Бауыржан Жұмағұлов, 1985 жылы дүниеге келген. Ол да Жаңаөзен қаласынан.

Бауыржан Жұмағұлов "ҚазМұнайГаздың" еншілес компаниясы "Өзенмұнайсервис" ЖШС-ның жұмысшысы, 4-ші дәрежелі бұрғышының көмекшісі болған. Компания мәліметінше, марқұм мұнда 2008 жылдан бері еңбек еткен, өзін адал және білікті маман ретінде көрсеткен.

БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сүйенсек, марқұмның артында жұбайы мен 6 баласы қалған.

Сәндібек Төлесінов пен Бауыржан Жұмағұлов/"ҚазМұнайГаз" АҚ

Галина Махсудова - Ақтау тұрғыны

Кеше қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан тағы бір қазақстандық -  маңғыстаулық Галина Махсудова. Ол 1978 жылы дүниеге келген, Ақтау қаласының тұрғыны. Ресми органдар марқұм туралы ешқандай ақпаратты жария етпеді, дегенмен БАҚ-та оның кәсіпкер болғаны, саудамен айналысқаны жазылып жатыр. 

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің кейінгі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова