Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданына барған жұмыс сапары барысында ауданда іске асатын инвестициялық жобалармен танысты.
Мұнайлы ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығына инвестиция тарту саласындағы негізі мақсат бойынша ауданның экономикалық белсенділігін арттыруға, оның ішінде бәсекеге қабілетті орнықты өндірістерді қалыптастыруға ықпал ететін инвестициялық жобаларды көрсетті.
Ауданда 2028 жылға дейін жалпы құны 30 млрд теңгеден асатын 17 жаңа ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Оның нәтижесінде 500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Инвестициялық жобалар ауыл шаруашылық, экология, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, логистика, металл ұнтағын өндіру, агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық химия өнімдерін шығару мен тұрғын үй секілді салаларды қамтиды.
Бүгінде ауданда АӨК саласы бойынша жүзеге асырылатын жобаның бірі Баянды ауылындағы "Ізден Өсерхан" мал шаруашылығы. Қазіргі таңда шаруа қожалықтардың инфрақұрылымы толық қамтылды. Мал ұстау қораларында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаға Солтүстік Қазақстан облысындағы бағдарлама негізінде 2,5% мөлшерлемесіндегі несие бөлу қарастырылуда.
Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша Global KZ Company ЖШС қазіргі кезде пилоттық режимде пластикалық бөтелкелерді сұрыптау жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта айына 80 тонна өнімді сұрыптауды мақсат тұтуда.
Сол секілді, "ВЕСТ Рециклинг Компания" ЖШС ("West recycling company") 100% инновациялық автоматтандырылған жүйелерді (сигнализация, датчик, т.б.) қондыру арқылы жылына 150 000 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және көму жұмыстарымен айналысады.
"Kaz-Ling" ЖШС "Tazalike" тауарлық маркасы арқылы айына 10 тонна сұйық сабын, универсалды тазартқыш өнімдері секілді тұрмыстық химия өнімдерін шығаруда. Алдағы жобаларға сәйкес, өнім көлемін жылына 250 тоннаға арттырмақ ниетте.
Мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылық өнімдерін арттыру мақсатында Дәулет ауылындағы "Ақатай" шаруа қожалығы "Нұр Капитал" бағдарлама аясында 20 млн теңге несие алып, қазіргі кезде 250-300 ірі қара мал басы және 300 бас қойды бордақылауда. Алдағы жоспары жылына 600-800 тонна көлемінде ет пен ет өнімдерін дайындау.
Басқұдық ауылындағы "BAKYT KUS" құс шаруашылығы Бөдене өсірумен айналысады. Бөдене еті мен жұмыртқасын сатып, кәсіптің нәсібін табуда. Шаруашылық алдағы уақытқа тек етті шикізат ретінде емес, олардан бұқтырылған құс етін шығарып, дайын өнім ретінде шығаруды көздейді. Қазіргі кезде 1 айда 1 тонна ет пен 5 мың дана бұқтырылған құс етін дайындайтын қуаттылығы бар цех ашуды көздеп отыр.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды мерзімінде сапалы аяқтауды тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал