“Мұнайдың үстінде отырған ел үшін нонсенс“. Жаңбыршинге Сәтқалиевтің баяндамасы неге ұнамады?

“Мұнайдың үстінде отырған ел үшін нонсенс“. Жаңбыршинге Сәтқалиевтің баяндамасы неге ұнамады?
Фото: depositphoto, tengrinews.kz

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин маңызды мәселені көтерді. Депутаттың айтуынша, Қазақстан жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресейден импорттап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шикізат өндіру көлемі қанша?

Мәжіліс депутаты Жаңбыршиннің сөзінше, "Қашаған", "Теңіз", "Қарашығанақ" секілді үш ірі кен орнынан басқа мұнай-газ кен орындарында жыл сайынғы шикізат өндіру көлемі төмендеп жатыр.

"Соңғы бес жылда мұнай-газ өндіру 36 миллион тоннадан 30 миллион тоннаға дейін азайып отыр. Қызылорда облысында мұнай өндіру көрсеткіші едәуір түскені байқалып, өндіру көлемі соңғы 10-15 жылда 5 есе азайған", - деді депутат.

Мұнай өңдеу қуатын ұлғайту, мұнай өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын жөндеуге, жаңғыртуға 2 триллион теңге жұмсалған, бірақ мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 миллион тоннадан аспай отыр.

Неге импортқа тәуелді болып отырмыз?

Депутат ішкі нарыққа қажет мұнай өнімдерін жеткізуді тек отандық мұнай өндіру компаниялары қамтамасыз етіп отырғанын, дегенмен олардың мұнай өндіру көлемі азайып жатқанын айтты. Жаңбыршин тапшылық импорт есебінен де жабылып отырғанын жеткізді.

"Жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады, ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл - нонсенс. Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импорттық отынға тәуелді және 7 жыл ішінде елімізге 6 миллион тоннадан аса мұнай өнімдері импортталды. Яғни еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді", - деді ол.

Депутат министр айтқан жоспар орындалатынына күмәнмен қарады.

"Жаңа ғана министрдің баяндамасында алдағы 8 жылда мұнай өндіруді 56 пайызға көтеріп, 28 миллион тоннаға жеткізу жоспары бар екенін естідік. Бірақ бұл жоспардың уақытында орындалатынына күмәніміз бар", - деді ол.

Жаңбыршин бірнеше маңызды сауал жолдады:

  • Үш китті есепке алмағанда еліміздегі компаниялардың мұнай өндіру мүмкіндіктері төмендеп жатыр, яғни жоспарланған қосымша 10 миллион тонна мұнайды қайдан аламыз? Қазіргі инфрақұрылымның мүмкіндіктері шектеулі екенін ескерсек, ол көлем табылған күнде оны қайдан, қалай тасымалдаймыз?
  • Тек экспортқа мұнай шығаратын трансұлттық компаниялар ішкі нарыққа отандық компанияларға қойылған арнайы төмен бағамен қажет көлемде мұнайды сата ала ма? Олармен келіссөздер жүргізіліп жатыр ма?
  • Қосымша өндірілетін 10 миллион тонна өнімді қайта өңдеу үшін міндетті түрде жаңа зауыт салынуы керек. Сол салынатын зауыттың орны, жобалық құжаттары, инфрақұрылымы, қаржысы, инвесторы, технологиясы белгілі ме? Бұл жөнінде нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр ма?

"Біздің қолымызда төртінші мұнай-өңдеу зауытын салу бойынша нақты ақпарат жоқ. Министрдің баяндамасынан да естімедік", - дейді депутат.

Еске салайық, бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасап, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 88,4 миллион тонна деңгейіне жететінін айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова