Ақтөбе облысында мұнайдың үстінде отырған ауылдағы көпқабатты үйлердің қабырғасы қақырап жатыр. Апат жағдайындағы баспананың тұрғындары үйіміз құлап, үйінді астында қаламыз ба деп қорқып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Кеңқияқ кентіндегі қос қабатты үйлер 50 жыл бұрын мұнайшыларға арнап салынған. Тозығы жеткен баспаналардың төбесі тесіліп, шатырынан су сорғалап тұр. Соның салдарынан тас қабырғасы сөгітіліп, кірпіші үгітіліп жатыр. Оны жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырылмайды екен.
Заңға сәйкес үйді күтіп ұстауға тұрғындар жауапты көрінеді. Бірақ ауылдағы осындай 38 үйдің алтауының төбесі мен сыртқы қаптамасы демеушінің көмегімен жаңаланған. "Қалған үйлердің жөндеуіне де мұнай компанияларынан көмек сұрап отырмыз", - дейді әкімдіктегілер.
"Кеңқияқта қазір 38 көпқабатты үй бар. Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес бұл үйлерде тұрып жатқан әр тұрғын өз үйін қалыпты жағдайда ұстауға, жөндеуге міндетті. Дегенмен аймақтағы ең үлкен инверстормен арнайы келісімге келдік, осы үйлерді жөндейді", - деді Кеңқияқ ауыл округінің әкімі Қуанышбек Серікжанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова