- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мұнай туралы
“Мұнайдың игілігін олигархтар көріп отыр“ - депутат Сайыров
Депутат Ерлан Сайыров Мәжілістегі Үкімет сағатында "қазақ мұнайының игілігін кім көріп отыр?" деген сауал қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сайыровтың сөзінше, мұнайдың эрасы бітуге жақындап келе жатыр, дегенмен Жаңа Қазақстан келгеннен бері мұнайдың қызығын кім көріп отыр деген сұрақ әлі күнге дейін елді мазалайды екен.
"Бір ғана мысал келтірейін. "Қаражанбасмұнай" деген компания бар. Содан қазақстандық "Каспийшиппинг" деген компания тендерді жеңіп алған. Оның орнында бұрын "Евразия" деген Қазақстанның олигархтарына тиесілі компания болған. Енді сол қазақстандық компанияны "Қаражанбасмұнай" өзінің жұмысына кіргізбей жүр. Бұл Қазақстанда бүгін, дәл қазір болып жатыр. Мына жердегі "ҚазМұнайГаздың" басшысына телефон шалып, сөйлесу мүмкін емес", - дейді депутат.
Мәжіліс депутаты барлық пайданы олигархтар қалтасына басып отырғанын айтады.
"Қазіргі ең негізгі мәселе: мұнайды өндіру емес, мұнайдың игілігін кім көріп жатыр деген сұрақ?! Мұнайдың игілігін Конституция бойынша халыққа қайтара алдық па, жоқ па? Менің ойымша, әлі күнге дейін қайтара алған жоқпыз. Өйткені мұнайды тасымалдау, сату сол баяғы олигархтардың қолында отыр", - дейді Сайыров.
Айта кетейік, ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 88,4 миллион тонна деңгейіне жетеді. Ал 10 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі - 73,5 миллион тонна.
Еске салайық, бұған дейін депутат Ермұрат Бапи де қазақ мұнайын сатудан әлдекімдер пайда көріп отырғанын айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова