- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мұнай туралы
Мұнай өндіру көлемі төмендеуіне не себеп? Министр жауап берді
Мәжілістегі Үкімет сағатында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасап, мұнай өндіру көлемі төмендеп кетуіне не әсер еткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биылғы көрсеткіш қандай?
Министрдің сөзіне сенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 88,4 миллион тонна деңгейіне жетеді.
"10 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі - 73,5 миллион тонна. Биыл мұнай өндіру көлемі 88,4 миллион тоннаға жетеді", - деді шенеунік.
Жоспарға жетпеуге не себеп?
Сәтқалиевтің сөзінше, жоспармен салыстырғанда өндіріс көлемінің төмендеуі ірі кен орындарында күрделі жөндеу жүргізуге байланысты болып отыр.
"Теңізде жалпы ұзақтығы 50 күн жөндеу жүргізілді, Қашаған 28 күнге толық тоқтатылып, слаг-кэтчерді ауыстыру бойынша күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар өндіріс көлемі төмендеуіне Қарашығанақ кен орнындағы жоспардан тыс тоқтаулар мен Орынбор газ өңдеу зауытында газ қабылдауға шектеулер әсер етті", - дейді министр.
Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, өндіріс деңгейі төмендеуіне ОПЕК+ келісімі шеңберіндегі міндеттемелер орындалуы да әсер етеді.
"Қазақстан ОПЕК+ келісіміне қатысады. Қазақстан үшін басқа елдер сияқты 2024 жылға арналған белгілі бір міндеттемелер белгіленген (қазір тәулігіне 1,468 млн баррель). Келісімнің талаптарын орындау әлемдік мұнай нарығында тұрақтылықты сақтау үшін қажет", - деді ол.
Министр 2026 жылдан бастап мұнай өндіру көлемі 100 миллион тоннадан асады деп күтіліп отырғанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Теңізде мұнай өндірісі күрт азайғаны, 28-30 пайызға, яғни тәулігіне 60-63 мың тоннаға дейін төмендегені хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова