Ақтөбе қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық жасау айыбымен М. және А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2022-2023 жылдар аралығында М. және А. тұрғындарға Атырау облысында орналасқан кең орнына вахталық әдіспен мұнай компаниясына жұмысқа орналастыруға уәде етіп, алдау жолмен әр жәбірленушіден 50 – 700 мың теңге аралығында ақша алып, нәтижесінде 172 жәбірленушіден жалпы 40 миллион теңге шамасында ақша қаражаттарын иемденген.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, аударым түбіртектерімен, есеп-шот үзінділерімен, сот-экономикалық сараптама қорытындысымен, қылмыстық істегі басқа да дәлелдермен толық расталды.
Сотталушы А.-ның жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның жас балаларының бар екенін таныды.
"Сот сотталушы А. басқа жәбірленушілерге қатысты бұрын осындай құқықбұзушылық жасағаны үшін сотталғанын ескеріп, ауырлататын мән-жай ретінде оның іс-әрекеттерінде қылмыстардың қайталануын таныды. Соттың үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, А. 6 жыл мерзіміне, ал М.- 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот сотталғандарға коммерциялық ұйымдарында лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындады. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды", - делінген хабарламада.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!