“Мұнай бағымыз да, сорымыз да“. Депутат маңызды мәселені көтерді

“Мұнай бағымыз да, сорымыз да“. Депутат маңызды мәселені көтерді
Фото: depositphotos.com

Депутат Абзал Құспан Мәжіліс отырысында Еділ Жаңбыршинге мұнай компанияларына тексеріс жүргізу мәселесіне қатысты сұрақ қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасады.

Депутат процедуралық олқылық салдарынан мұнай компаниялары айыппұлдан жалтаруы мүмкін екенін мәлімдеді. 

"Мұнай бағымыз да, сорымыз да. Бүкіл Қазақстанды асырап отырғаны не керек, батыс өңірінің жұртшылығы осы мұнайдың зардабын тартудай-ақ тартып отыр. Нақты мысал: Кәсіпкерлік кодекс пен Экологиялық кодекс арасындағы мәселе. Ең негізгі мәселе осы болуы керек. 2015 жылы Кәсіпкерлік кодексті қабылдадық. Соған сәйкес кәсіпкерлік субъектілерді тексеруге бір ай бұрын ескерту беру керек деген норманы енгізіп қойдық. Содан бері батыс өңірлерінде мұнай қалдықтарын төгуден болған зардаптарды жою үшін мәселе туындап келе жатыр", - деді ол.

Абзал Құспан бірнеше сот актісін зерделегенін, 2024 жылы "Маңғыстаумұнайгазға" Каспийге мұнай қалдықтарын төккені үшін 32 миллиард айыппұл салынғанын айтты.

"Жоғарғы сот бір ай бұрын ескертпеген деп заңсыз деп бұзып тастады. Мұндай жағдай кейінгі он жылда тұрақты түрде қайталанып келе жатыр. Жоғарғы сот төменгі соттардың актілерін бұзып тастайды. Осы мәселе шешімін тапты ма?" - деп сұрады депутат.

Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жауап берді.

"Өте маңызды сұрақ. Тек мұнай-газ саласына қатысты емес, бірінші, екінші санаттағы нысандарға қатысты мәселе. Бұлар аса қауіпті нысандар деп есептеледі. Кәсіпкерлік кодекстен экологиялық бақылау, қадағалау мәселесін салалық Экокодекске отырғыздық (енгіздік - еск.). Бұл жерде үш мәселе бар: дистанциялық бақылау, бақылау және мониторинг бақылау. Дистанциялық бақылау бойынша құқықбұзушылық болса, айыппұл салынбайды. Бірақ тексеруге негіз болады. Тексерудің өзі жоспарлы, жоспарсыз деп екіге бөлінеді. Мәселе жоспарсызда болып отыр. Қазір тексерген кезде прокуратурада тіркелуі керек, уақыт кетеді. Компаниялар бүлдірген заттарын жасыруы, жел соғып, улы газдарды алып кетуі мүмкін. Сондықтан осы норманы енгіздік. Қорытынды алу керек. Үкіметпен жұмыс істеп жатырмыз. Екінші оқылымға дейін бұл мәселеге нүкте қоятын шығармыз", - деді Еділ Жаңбыршин. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget