6 шілдеде әлемдік нарықта мұнай бағасы аздап арзандады. Бағаның төмендеуіне ОПЕК+ елдерінің тамыз айынан бастап мұнай өндірісін ұлғайту туралы шешімі ықпал етті. Сонымен қатар, Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалының біртіндеп қалпына келуі де нарыққа әсер етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Reuters басылымына сілтеме жасап.
Таңертең Brent маркалы мұнай бағасы 0,47 пайызға төмендеп, барреліне 71,78 доллар болды. Ал америкалық WTI мұнайы 0,29 пайызға арзандап, барреліне 68,49 доллардан саудаланды.
Reuters мәліметінше, өткен аптада мұнай бағасы айтарлықтай құбылмаған. Бұған дейін бірнеше апта бойы баға төмендеп келген.
Қазір нарық қатысушылары АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің барысын, сондай-ақ, Парсы шығанағы елдерінен мұнай жеткізу көлемінің қалай қалпына келіп жатқанын бақылап отыр.
KCM Trade компаниясының бас нарық сарапшысы Тим Уотерердің айтуынша, АҚШ-тағы ұзақ демалыстан кейін трейдерлер әзірге әліптің артын бағып отыр. Олар осы аптада АҚШ пен Иран арасындағы жағдай тұрақтала ма, әлде қайта шиеленісе ме – соны күтіп отыр.
Бұған дейін ОПЕК+ елдері тамыздан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне тағы 188 мың баррельге көбейту туралы шешім қабылдаған.
Бұл – маусым және шілдеге қатысты осындай шешімдерден кейінгі қатарынан үшінші өсім.
Қақтығыс аяқталғаннан кейін Парсы шығанағы елдері мұнай өндіру мен экспорт көлемін біртіндеп арттыра бастады.
Reuters дерегінше, маусымда ОПЕК елдерінің мұнай өндірісі тәулігіне 3,3 миллион баррельге өсіп, 19,43 миллион баррельге жеткен. Бұл кейінгі 20 жылдан астам уақыттағы ең төмен көрсеткіштен кейінгі елеулі өсім болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz