АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина бойынша мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы көтерілді, Brent маркалы мұнай құны барреліне 72 доллардан асты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана уақытымен сағат 08:35-тегі жағдай бойынша Лондон ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қыркүйектегі фьючерстерінің бағасы барреліне 3,51 пайызға өсіп, 72,50 долларға жетті.
WTI маркалы мұнайдың қыркүйектегі фьючерстерінің құны 3,56 пайызға көтеріліп, барреліне 69,09 долларға жетті.
Айта кетейік, бұған Дональд Трамптың Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісімге қол жеткізу мерзімін қысқарту туралы мәлімдемесі де әсер етіп отыр. Бұрын уәде етілген 50 күннің орнына ол Мәскеуге тек 10-12 күн беріп, Ресей мұнайына 100 пайыз баж салығы мен қосымша санкциялар салатынын айтып қорқытты.
Қазақстанға әсері
Мұнай экспорттаушы ретінде Қазақстанға әлемдік бағаның өсуі оң сигнал саналады. Қара алтынның қымбаттауы бюджетке түсетін кірісті арттырады, сауда балансын жақсартады және ұлттық валютаны нығайтады.
Еске салайық, бұған дейін де Трамптың мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы көтерілгені хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова