Мұнай бағасы 2021 жылдан бергі ең төмен деңгейге түсті

Мұнай бағасы 2021 жылдан бергі ең төмен деңгейге түсті
Фото: depositphotos.com

Әлемдік мұнай бағасы әлі құлдырап жатыр. Brent маркалы мұнайдың бағасы 2021 жылғы сәуірден бері алғаш рет барреліне 64 доллардан төмен түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Лондон ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың маусым фьючерстердің бағасы 2,60 пайызға төмендеп, барреліне 63,87 доллар болды (Астана уақытымен 08:20-дағы жағдайы бойынша).

WTI маркалы мұнайдың мамырдағы фьючерстерінің құны 2,50 пайызға төмендеп, барреліне 60,44 доллар болды.

Айта кетейік, қара алтын құны АҚШ президенті Дональд Трамп 185 елден импортталатын тауарларға жоғары тариф енгізгеннен кейін төмендей бастады.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауарға баж салығы енгізілетінін жариялады. 

Базалық тариф 10 пайыз деңгейінде, алайда ол көптеген мемлекет үшін жоғары болмақ. Мәселен, Қытайдан келетін тауарларға баж салығы 34 пайыз, ЕО елдерінен келетін тауарға 20 пайыз, Швейцария үшін 31 пайыз, Ұлыбритания үшін 10 пайыз, Израиль үшін 17 пайыз, Қазақстан үшін 27 пайыз болады.

Ең жоғары төлем Вьетнамға (46 пайыз), Камбоджаға (49 пайыз), Лаосқа (48 пайыз) жүктелген.

Кейінірек Қазақстанның Сауда министрлігі осы жағдайға пікір білдірді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget